Қазақ әдебиетінің 60-жылдардан бергі қайта өрлеу заманында ерекше қуатпен жарқ еткен жазушының бірі – Сәкен Жүнісов. Оның шығармашылығын дараландырған туындысы – «Жапандағы жалғыз үй» де ойланған жанға айрықша күй кешіреді. Жапан даласында сыпыра жат жұрттың ортасында жалғыз қалған қазақты Сәкең жағымсыз кейіпкер қылайын деп қаншама жамау жапсырса да, халықтың бар пейілі соны қолдап, соны аяйды.
Мұндайды соцреализмге қызмет етіп, социализмнің солақай сойылын соғып жүрген әсіресыншылар, тіпті салпаңқұлақтардың өзі көрмей қалған жоқ. Сондықтан да «Жапанның» соңына түсіп, жарыққа шыққан жылы-ақ Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған оның аяғынан шалды...
Тыңды әлі күнге үлкен жетістік деп бағалаймыз. Қазақтың атақонысының бәрін айырып, мал жайылымдарын, жылқысын жемсіз-ақ сере қарыс шығатындай семірте алатын құнарлы шүйгін шөптерін, қалғыған қара орманын, жарқыраған көлдерін жоқ қылған тыңның қасіреті аз болған жоқ. Ол біздің ұлттық ділімізді бұзды, тілімізді қансыратты, дінімізге де шоқпар ала жүгірді. Бірақ соның теріс екенін бірде бір адам аузын ашып айта алмады. Жалғыз Сәкен Жүнісов қана тура айтпаса да тұспалдап жеткізді.
Бойына суреткерлік, әншілік, ақындық, балуандық сияқты толып жатқан өнерді сіңірген інісіне Ғафу Қайырбеков: «Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл, Бір өзің жеті сері, жеті батыр. Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда, Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр» деп сүйсінетін Сәкенге сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» деп ат берген...
Жуырда С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған әдеби кеш болып, онда жазушының көп қырына тоқталған әңгімелер айтылды. Республикаға белгілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменов Сәкен Жүнісовтің өзі көрген қырлары туралы әңгімеледі. Оның шешендігі, батылдығы, шығармаларының көркемдігі туралы көп әңгімелер айтты. Өкінішті жайлар да айтылмай қалған жоқ. Соның ішінде осыншалық атақты жазушы жерлесімізге Петропавл қаласында әлі күнге бір көше атын бере алмағанымыз да қынжыла ауызға алынды. Сәкен серіге арналып Бурабайда салынған үйдің де қараусыздықтан тоз-тозы шыққаны айтылмай қалмады.
Жергілікті әнші, термеші, өнерге көп еңбек сіңіріп жүрген Дәстен Баймұқанов абзал аға туралы өз есіндегі естеліктерін айтты. Бірде жазушыны ертіп Қожаберген жыраудың басына апарғанда Боргөз деген не өспейтін, не өшпейтін бір ғаламат ағашты көрсеткенде жазушының қатты тебіреніп, бұл туралы міндетті түрде жазу керек екен деп қойын дәптеріне түртіп алғанын жеткізді. Сонымен бірге өзінің аңшылықты жақсы көретінін естіген соң аң-құстардың түр-түрін сұрап, кейбірін жоғалып кетпеді ме деп анықтағанын, аяушылық білдіргенін еске алды.
Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндаманы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Ботагөз Тауқұдіретова мен 2-курс студенті Ұлданай Ниетбаева жасады. Жазушының «Ақан сері» атты роман-диалогиясының көркемдігі, ұлттық сахнамыздың гүлі болған «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Əр үйдің еркесі», «Қызым, саған айтам», «Кроссворд», «Өліара», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» сияқты 17 пьесаны өмірге келтіргені айтылды. Кеш барысында жазушының «Аманай мен Заманай» хикаяты бойынша түсірілген көркем фильмнен үзінді көрсетілді.
ҚЫЗЫЛЖАР