• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Форум 05 Ақпан, 2024

Қазақ-румын бизнес-форумына қатысты

100 рет
көрсетілді

Көлік министрі Марат Қарабаев бастаған отандық делегация Румынияға жасаған іссапары аясында Констанца портындағы көлік-логистикалық бизнес-форумға және халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі бірлескен комиссияның отырысына қатысты. Аталған форум аясында Румынияның бизнес өкілдерімен В2В форматында кездесулер өткізді.

Балтық жағалауында болған іс-шараларға Қа­зақстан тарапынан вице-министр Талғат Ластаев, теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Ол­жас Сапарбеков, KTZ Express АҚ, «Ақтау теңіз сау­да порты» ҰК, «Транскаспий халықаралық кө­лік маршрутының» халықаралық қауымдастығы, Semurg Invest, Dar Rail және PTC Holding ЖШС басшы­лығының өкілдері қатысты.

Форумда сөз сөйлеген министр М.Қарабаев Қа­зақстан көлік саласын дамытуға, Азиядан Еуропаға барар жолда транзиттік тасымалдардың жылдамдығы мен сапасын арттыруға барлық жағдайды жасап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол бизнес өкілдерінің кездесуі Қазақстан мен Румыния арасындағы автотасымалдар саласына жаңа серпін береді деген сенімін білдірді.

Бұл күні отандық делегация Румыния Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Адриан Фогиштің сүйемелдеуімен Констанца қаласындағы Румыниядағы ірі порттың қызметімен танысты. Теңіз-өзен портының 156 айлағы және екі жалпыеуропалық көлік дәлізінің қиылысында қолайлы географиялық орны бар. Порттың жанында Мидия және Мангалия сынды екі спутниктік порт орналасқан. Аталған порттың қуаты жылына 100 млн тонна жүкті құрайды.

Констанца портының мүмкіндіктері мен артық­шылықтары Транскаспий халықаралық көлік маршру­тының әлеуетін ашуда, сондай-ақ транзиттік жүк ағын­дарының көлемін өзара ұлғайту және мультимодальды тасымалдар мен логистикалық үдерістер саласындағы озық тәжірибемен алмасу үшін Қазақстан мен Румы­ния арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқара алады.