Өңірде есірткі тарату қылмысы өршіп тұр. Қоғамға запыранды тұтынушыдан гөрі таратушының ісі зиян екені белгілі. Тұтынушыларды теріс жолға түсіретін қаскөйлер ұйымдасқан топ құрып, интернеттің де мүмкіндігін пайдаланып, түрлі қитұрқы әдіспен халықтың санасын улап, ақша табудың оңай жолына түскен.
Есірткі таратушылардың ұйымдасқан топтары Петропавлдың да түкпір-түкпіріне жайылып, қалада есірткі таратып жүргені белгілі болып отыр. Облыстық полицияның есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері бірнеше ай бойы қылмыстық топтың соңына түсіп, ақыры сегіз мүшесін марихуана мен гашиштің үлкен партиясын таратуға дайындау кезінде, қылмыс үстінде ұстаған.
Жедел іздестіру қызметкерлерінің бірнеше ай бойы есірткі келетін каналдарды және оларды тарататын нүктелерді зерттеуі нәтижесін берді. Полицейлердің айтуына қарағанда, есірткі негізінен Астанадан келетін көрінеді. Демек оларды жасайтын нүктелер елордада шоғырланған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Игорь Мерцаловтың айтуына қарағанда, ұсталған осы сегіз күдіктінің жетеуі Петропавл қаласының тұрғыны, тағы біреуі – олардың басшысы және ұйымдастырушысы 35 жастағы Астана қаласының тұрғыны болып шыққан. «Қылмыстық топ мүшелерін ұстау кезінде барлығы 49 кг 318 грамм есірткі заттары алынды. Оның 81,5 грамы – гашиш. Қазір сегіздің төртеуі қамауда отыр, қалғандары полицияның қарауында. Қазір барлық тиісті тергеу ісі мен сараптама жасалып, іс сотқа өткізуге дайын», дейді облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы, подполковник Руслан Сапаров.
Айта кететін жайт, өткен жылы желтоқсан айында да Петропавлда бір есірткі таратушы ұсталған еді. Жедел ақпараттар негізінде Набережный көшесінің бойымен келе жатқан «Hyundai Elantra» көлігі тоқтатылып, тексергенде жолаушы орындығында отырған 43 жастағы әйелдің сөмкесінен синтетикалық есірткіге жататын «мефедронның» қағазға оралған 80 бөлшегі табылған. Тергеу барысында оның таратуға дайындалған есірткі екені белгілі болған. Әйелдің өзі Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлда уақытша тұрып жатқан оның пәтерін тексергенде, таратуға әзірленіп, фольга қағазына бөлшектеп салынған жарты килограмм есірткі шыққан. Руслан Сапаровтың айтуынша, бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.
ПЕТРОПАВЛ