Майқайыңдағы алтын кенішінде автобуспен бірге жер астына түсіп кетіп, қаза болған Олег Тышкевичтің қызы отбасына тиесілі өтемақының дұрыс төленбей отырғанын айтады. Марқұм әкесі кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында 27 жыл еңбек еткен.
Құтқарушылар автобус құлаған ойықтағы топырақ арасынан 4 қаңтар күні 2 азаматтың мүрдесін алып шыққан еді. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леонидович (1970 жылғы). Өзге екі құтқарушыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаза тапқан құтқарушылардың отбасына «Майқайыңалтын» АҚ және кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалынан 4,5 млн теңгеден аса мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін мәлім еткен еді.
Алайда марқұм Олег Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова уәде етілген қаражаттың дұрыс бөлінбегеніне шағымданып отыр.
– Әкемнің кенеттен көз жұмғаны жайында көршілерімнен естідім, кәсіпорын бұл жайында жақ ашпады. Марқұм әкемді жер қойнына тапсырған соң бізді барлығы ұмытты. Ешкім байланыспайды, берген телефон нөмірлері жауап бермейді. Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ. Тек «Майқайыңалтын» кенішінен 2 млн теңге көмек бөлінді. Маған тегін қызмет көрсететін психологтің көмегі қажет еді, ол да ұсынылмады. Қазір қызмет құны 20 мың теңге тұратын психотерапевтің қызметін пайдаланып отырған жайым бар. Әкемнің өлімінен соң жүйке жүйем бұзылып, күйзеліске ұшырадым. Бұдан 1,5 жыл бұрын әкем екеуміз анамды жоғалтып, қатты қиналған едік. Ал қазір қатты қамығу үстіндемін, не істеу керек екенін білмеймін. Әкемді жерлеу шарасына 1 млн теңге шығындандық. Өзім мәжбүрлі түрде Алматы қаласындағы ақылы емханаға барып, 500 мың теңгеге емделдім. Белгілі себептерге байланысты қаңтар айында жұмыс істеген жоқпын. Жоғары тұрған органдардан ешбір қаржылай және моральдық көмек көре алмай отырмыз. Әкемнің өліміне кәсіпорын басшылығының немқұрайдылығы себеп болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Майқайыңалтын» басшылығынан бізбен хабарласуын өтінеміз. Ағамыз екеуміз қиын жағдайда қалдық, – деп шағымданды марқұм құтқарушының қызы әлеуметтік желіде.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі марқұм құтқарушының қызына тиесілі көмек көрсетілген деп отыр.
«Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайыңалтын» АҚ 2 млн теңге төледі. Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы 500 АЕК немесе 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ жерлеу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 94 АЕК немесе 347 000 теңге мөлшерінде төлем жасалды», деп жауап берді әкімнің баспасөз қызметі.
Мұндай төлемдерді мүрделері табылған 2 құтқарушының отбасылары алған. Жер астында жатқан құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, олардың мүрдесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, өзге отбасыларға да осындай көмек бөлінеді. Сонымен қатар отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады (18 жасқа толғанға дейін отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған адамға ай сайынғы төлем).
«Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайыңалтын» АҚ-дан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтап жатыр. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Павлодар облысы