“Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясы демеушілік қызметін тұрақты негізде жүргізіп келеді. Осындай игілікті шараға әр жаз маусымында ҚПО жолдамаларға ақы төлеуден аянбайды. Оның негізінде кен орнының өн бойында орналасқан Бөрлі ауданының ауылдарындағы балалар демалып, денсаулықтарын түзейді. Жаз жайнатып, күн күлдірген шақта оларға барлық жағдай Оралдағы “Талап” гимназиясының лагерінде жасалған. Атап айтқанда, гимназиямен кәсіпшіліктің инвесторлары бірнеше жылдан бері бөрлілік жеткіншектердің денсаулығын сауықтыруға шарт жасауды дәстүрге айналдырыпты. Лагерьде балалардың қызықты демалуы басты назарда. Өйткені олардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы дендерінің сау болуына септігін тигізетіні анық. Қуаныш сыйлаудың нақты көрінісі міне, осы.
“Талапта” бәрі де көңілді. Күн тәртібінде ойындар, серуен құру тәрізді шаралар өткізіледі. Мұндай игі істің басы-қасында әрине білікті педагогтар жүреді. Лагерьде кадрлар даярлауға жіті назар аударылған. Бала көңілін табуға ештеңені де салыстыруға келмейді. Себебі, жеткіншектің жақсы қалыптасуына көңіл бөлуден артық нәрсе жоқ. Лагерьдің тәрбиешілері бұл орайда әр жеткіншектің өресінен шығуға талпынады. Лагерь директоры Татьяна Лариончеваның айтуына қарағанда, балалар күн сайын экскурсияға шығады. Жайық өзенінде теплоходта сейіл құрады. Сондай-ақ олар қала театрларын тамашалап, кино көреді, спорт алаңдарында жарыс жолына шығып, бассейндерде суға түседі.
ҚПО-ның халықпен жұмыс жөніндегі маманы Ақмарал Әділованың айтуынша, лагерь Оралдағы ең таңдаулы оқу орындары бірінің базасында құрылған. Мұнда бейнелеу өнерінің мектебі, көптеген үйірмелер істейді. Яғни, әр жеткіншек өзі қалаған сүйікті ісімен айналысады. Осы жазда Қарашығанақ инвесторларының қаржысымен 140 бала демалады. Кезінде бұл лагерьде болған балалардың айтуынша, кезекті ауысым бір сәтте өте шығады екен. Оның да жөні бар. Мұнда бәрі ойдағыдай ұйымдастырылған. Сондықтан да болар “Талапта” өткізілген күндер балалардың жадында ұзақ уақыт бойы сақталады. Бір сөзбен айтқанда, жазғы демалыс күндерінің әсері естен кетпейді.
Марат АҚҚҰЛ,
Батыс Қазақстан облысы.