• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Көрме 08 Ақпан, 2024

Бірлескен апталық

212 рет
көрсетілді

Астанада Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі жанындағы Мәдени өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған «Иран Ислам Республикасының каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнері» атты апталығы басталды. Апталықтың алғашқы іс-шарасы «Каллиграфия» көрмесімен ашылды.

Көрмеге тарихи ескерткіштегі куфи жазуымен жазылған 50-ден аса жазу үлгісі және  XIII ғасырда жазылған тарихи тұлғалардың өмір деректері мен XVIII ғасырда Орталық Азиядағы түркі халықтарының көшбасшылары туралы қағазға түскен  «Зобдат-уль-тарих»  қолжазбасының  көшірмесі қойылды.

Мазмұнды шараның ашылуында  Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлт­тық орталығының директоры Жандос Болдықов  елімізде алғаш рет өтіп отыр­ған көрменің маңызына тоқталды.

«Біздің орталық пен Иран Ислам Республикасының еліміздегі елшілігі   бірлесіп ұйымдастырған іс-шара бір аптаға жоспарланған. Соның алғашқысы  «Каллиграфия» көрмесімен ашылды. Мұнда көптеген құнды тарихи дерек ұсынылған. Мәдени іс-шара аясында екі елдің осы саладағы мамандары кездесіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады», деді Жандос Бекділдәұлы. 

Иран Ислам Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар өз сөзінде жазба мұраларды сақтап, қорғау ісі ұлттың тарихына деген үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

«Иран мамандары қолжазбалар мен баспа ісін реставрация жасауда озық тәжірибеге бай. Бүгінгі көрмеге тари­хи-мәдени ескерткіштерден алынған көне жазулар үлгісі мен қолжазба көшірмелері және реставраторлардың жойыла бас­таған мұраларды қайта жаңғыртқан таң­даулы жұмыстары қо­йыл­ған», деді елші мырза.

Айта кетейік, апталық аясында «Иран Ислам Республикасының каллигра­­фия және жазба мұраларды қалпына кел­тіру өнері» атты ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылып, шеберлік сабағы өтеді. Сондай-ақ Ираннан кел­ген мамандар мен отандық рес­тав­ра­торлар көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды каталогтеу, жүйелеу, цифр­лық жүйеге көшіру, қалпына келтіру және каллиграфия өнері бо­йынша тәжі­ри­бе алмасады.