Тағдырдың салған ісіне қайыспай, кәтепті қара нар ғана көтеретін зілмауыр салмақты еңсеріп, келер күндердің көкжиегіне нық сеніммен қарайтын қажыр-қайраты кемел жандарды көргенде таңғалатынымыз бар. Бұлқынып аққан бұлақтай көкірекке құйылар алапат күштің көзі қай тұста екен?
Шағын көлдің жиегіндегі селдір өскен, ұшар басы қарсақтың құйрығындай бұлаңдаған қамыс арасында үйір-үйір жылқы, бір табын қара мал жүр. Табиғаты қатал біздің өңірде қара малды қыста далада бақпайды. Қар алғаш түскенде-ақ қораға қамалып, ақ қар, көк мұздың көбесі сөгіліп, көгеріп көктем келгенше қолға қарап тұрары бар. Таңсық суретке елең еткенбіз. Таяп келдік. Өкпек желдің өтінде жүрген қара малдың жүні тығыз өседі екен. Қуатты, тұяғы тиген жерді ойып тастайтын жылқы емес, қара малдың қар үстінде қылар қайраты кем. Жан бағу үшін жайылған болады. Әйтсе де батыстан соққан өткір желдің тезіне шыдай алмай қыр арқасы аспандап тұр. Көл жиегінде қара мал сүйсініп жейтін өсімдік те жоқ. Былтырғы балауса құрақ өліқауға айналған. Кейбір тана-торпақтар жылқы тебіндеген үй орнындай жерді омыра ашып тастаған алаңқайға байыздапты.
Биылғы қыстың бет әлпеті онша жақсы емес. Қаңтар туғалы қырына алып тұр. Мал сүмесімен күн көрген малсақ қауым дабыл қаққанымен, мал оттығын толтырар жем-шөп жоқ. Табын шетіндегі салт атты бақташыға жолықтық. Осы малдың иесі, жеке кәсіпкер Қажығали Сақыпов екен. Зеренді ауданына қарасты Васильковка ауылының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек.
Амандық-саулық сұрастық. Қақаған қыста қара малын көл жиегіндегі қамысқа жайған жігіт ағасы қыңатын емес. «Басқа түссе – баспақшыл» дегендей, амалсыздың күнінен атқа қонып, көл жағалап жүрсе де ақжарылқап күннен үмітті.
– Көрген күн – осы, – дейді Қажығали Жұмабекұлы. – Қысқа қамдаған мал азығы жетімсіз болған соң қара малымды қырда жайып, күнелткен болып жүрмін. Шынтуайтында малсақ қауымға биыл өте қиын болып тұр. Жалғыз биыл ғана емес, талай уақыттан бері қыр соңымыздан қалмай қойған тақсірет, не жайылым, не шабындық жеріміз жоқ. Жергілікті әкімдікке айта-айта әбден қажыдық.
Мәселенің мәнісіне бажайлап, тереңірек үңілсек, шынында да, мүмкіндігі шектеулі осы азамат ес біліп, етек жапқалы малмен күн көріп келе жатса да, есіркеген ешкімді көрмепті. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Малын өз төлі есебінен өсіріп жатыр. Облыс орталығына жақын болғанымен, мал өнімдерін ұқсата алмай отыр. Маңдай термен өсірген ақ адал малы – алып-сатарлардың оңай олжасы. Қажығали Жұмабекұлының пікірінше, егер осы шаруаны ұйымдастырса, қала базарларындағы ет бағасы біршама арзандар еді. Ауылда арнайы мал соятын орын болмаған соң қаражаттан қысылған кезде өздері сойып, бұлдап сата да алмайды.
Бір кезде қасапшы да болыпты. Осыдан он шақты жыл бұрын мал сойып жатып абайсызда қара санын жарақаттап алған. Бәлкім уақытында емделмеді ме кім білсін, әлгі жара асқынып, аяғынан айырылған. Әйтсе де, ауылда тұрған соң күнкөріс керек, жанын жалдап төрт түлік малды өсіріп жүр.
– Ең қиыны, мал азығын сатып алу, – дейді ол. – Егер өз еңбегіңді қосып есептесең, пайда таппайсың. Бұрын көмекші ұстадым. Кіріс азайған соң жұмысшыға төлер жалақым болмай отыр. Қазір өзгесін былай қойғанда елдің қысылғанын көріп, пайда іздегендер Солтүстік Қазақстан облысынан әкеліп сабан сатып жүр. 200-250 келілік бір бумасы – 11 мың теңге.
Мал иесінің айтуынша, тарапта шалағайлық көп. Мәселен, биылғы жаздың әлпетін көрген соң ауылдық кеңестің басшылары, елдің ақсақалдары осы маңда егін егіп, жердің игілігін көріп жатқан серіктестік басшыларына егін орағы кезінде бар сабанды турамай, атжалға түсіріп, көпене салып кету туралы өтініш жасау керек еді. Қуаңшылық жылы бой салып өспей, бұйығып қалған егіннің сабаны да көп емес болатын. Диқандар сабанды турап тастаса, танап тыңаяды деп есептейді. Бірақ елдің де жағдайын ойлауы керек еді. Тағы бір мәселе – егін орылып алғаннан кейін арамшөптің тұқымын құрту үшін химиялық дәрі себу. Егер дәрі сепкеннен кейін топырақ қатпай тұрып жауын жауып, дәрі танапқа сіңіп кетсе, бір сәрі. Бойында қалып қояды. Жиын-терін аяқталған соң аяқты мал аңыздың үстіндегі уысты құлақ сабанды жемей тұра ма, жесе, әлгі дәрінің уытымен уланбақ.
Шоқ жұлдыздай шағын ғана бұл ауылда өткен жылы 300 бас қара мал болған екен. Қазір 70 бас қана қалған. Онда да біздің кейіпкеріміздің бағымындағы малы. Тепсе темір үзетін аптал азаматтар малдың бейнетінен қашып, құрық ұстап қалған. Ал мүмкіндігі шектеулі Қажекең қажитын емес. Өйткені оның бойында атакәсіпке деген адалдық, отбасымды өз еңбегіммен асырасам деген ұмтылыс бар.
Айтпақшы, жөн сұраса келе Қажығали Жұмабекұлының аруақты Абылай ханнан тарайтын жұрағаттан екенін білдік. Аталары Елікті тауының етегін жайлаған. Бәлкім еменнің иір бұтағындай тағдырдың жүгін тайсалмай арқалаған мықтылық алпыс екі тамырында арыдағы аруақты бабалардан дарыған шығар. Тек деген – тегін емес қой.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы