Атырау облысына жұмыс істеуге келетін шетелдіктердің қатары азайған емес. Шетелден жұмыс күшін тартушыларға қойылатын талап бар. Бұл үшін арнайы квота бөлінеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Абай Сәрсенғалиевтің айтуынша, биыл мұнайлы өңірге шетелдіктер АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Түркиядан келетіні анықталып отыр. Олардың басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындарда жұмысқа тартылады.
«Биыл Атырау облысының мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмыс істеу үшін 4 765 шетелдік келеді. Оның ішінде 69 шетелдік басшылық қызметті атқарады. Ал 865-і бөлім басшысы, 3041-і маман, 90-ы қарапайым жұмысшы ретінде жұмыс істейді», дейді Абай Сәрсенғалиев.
Оның айтуына қарағанда, шетелден келетін мамандардың жұмыс тәжірибесі мен дипломына, еңбек өтіліне баса назар аударылады. Мұның бәрі арнайы комиссияның отырысында қаралады. Комиссия құрамында көші-қон мен білім саласының, мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары бар. Әр кәсіпорын шетелдік маманды жұмысқа тартуға рұқсат алу үшін салық төлейді. Салық мөлшері арнайы базада автоматты түрде есептеледі.
«Шетелден маусымдық жұмысқа келетіндері бар. Мәселен, былтыр 660 шетелдік маусымдық жұмысқа тартылған еді. Жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілерінен шетелдіктерді маусымдық жұмысқа тарту квотасын көбейтуге ұсыныс түсті. Соған сәйкес биыл маусымдық жұмысқа келетін шетелдіктердің саны 700-ге жеткізілді. Маусымдық қызметкерлер екі мақсатпен жұмысқа тартылады. Біріншісі – егін алқабында, екінші өзгелері жылыжайда жұмыс істеу үшін келеді», деп түсіндірді Абай Сәрсенғалиев.
Бірақ шетелдіктерді тек квотаға сәйкес жұмысқа тарту талабы ұдайы сақталмайтыны анық. Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған дерекке жүгінсек, заңсыз жолмен келетін мигранттар саны аз емес. Былтыр Атырау облысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бөлігіндегі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауы, анықтаманы не рұқсаттарды алмастан Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыруы) талапты бұзған 1 316 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 770 шетелдік Атырау қаласында ұсталған.
Ал Махамбет аудандық сотында өткен жылдың қыркүйегінде Өзбекстанның 19 азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды. Өйткені көрші елдің азаматтарына жоғарыдағы баппен әкімшілік айып тағылған. Соттың мәліметінше, көрші елдің азаматтары жергілікті атқарушы органнан еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алмастан Махамбет ауданында құрылыс, шаруа қожалығын, көлік жөндеу орталығы мен асханаларда жұмыс істеген. Сот қаулысымен шетелдіктердің әрқайсысына 86 250 теңгеден әкімшілік айыппұл салынды.
Мамандардың пікірінше, заңсыз мигранттарының дені Өзбекстан азаматтары екені даусыз. Арнайы рұқсаты болмаса да кез келген жұмысты атқаруға бейім шетелдіктерді жұмысқа тартудың бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, олар арзан еңбек күші ретінде бағаланады. Бұл құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді қызықтырып отыр. Екіншіден, заңсыз мигранттармен еңбек шарты жасалмайды. Үшіншіден, олардың кесірінен жергілікті тұрғындар жұмысқа орналаса алмайды.
Алайда рұқсаты жоқ шетелдіктерді құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қоғамды тамақтандыру саласына жұмысқа тартқан кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің жазаға тартылғаны туралы дерек жоқ. Тіпті ресми органдар бұл жөнінде ашып айтқысы келмейді. Қалай десек те, заңсыз мигранттарға тосқауыл қойылуға тиіс.
Атырау облысы