• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

АҒАЖАЙ, АЛТАЙДАЙ ЖЕР ҚАЙДА?...

824 рет
көрсетілді

Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің  құрылғанына келер жылы он жыл толады Иә, он жыл бір қарағанда көп уақыт емес. Мың жылдық қарағайы, самырсыны, балқарағайы жай­қа­лып өскен нулы мекен, қаз қаңқылдап, сансыз құс­тар сайрап ұшқан осынау бір ғажап жерде Үкіметтің №970 қаулысы бойынша 2001 жылдың 17 шілдесінде Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркі дүниеге келді. Осы орайда, мынадай бір сауал еріксіз туады, неге қорық емес, ұлттық парк. Әсте қорық пен ұлттық паркті салыстыруға келмейді. Табиғи парк­­тің мәртебесі жоғары, құзырлы мекеме. Еліміздің болашағы, жас ұрпақ үшін табиғат сыйлаған осы бір ғажайып өлкенің байлығын, құсы мен жануарларын, жалпы қоршаған ортаны қорғау үшін Елбасы мен Үкімет жаны ашып, қорық емес, ұлттық парк ашып берді. Яғни, бұл сөздің мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Табиғи ұлт­тық парктің мақ­саты – құрып бара жатқан орман бай­лығын – қызыл кі­тапқа енген қара де­гелек, алтай ұла­ры, қызыл қас­қыр, сары тыш­қан, бұл­ғын, бұлан, құн­дыз, бүр­кіт, таутеке, күдір, елік, аю, қо­ңыр аю, ұшатын тиін, басқа да құс-жануарларды қана­тының астына алып қорғау, әлпештеу, жат пиғыл­ды­лар­дың қанды шеңге­лінен құтқару, тіпті өлшеусіз кесіліп, ұрланып жатқан ағаштарды күзету, қысқасы, мемлекет байлығын көз­дің қара­шығындай сақтау. Ұлттық парктің көлемі тұтас бір мемлекет сыйып кететін 600 мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Парк құрылған кезден бастап, оны өз ісінің ма­маны Ерен Жұмағұлов басқа­рып, көп істер тындырды. Қазір Ерен Қадешұлы Берел қорғанына жетекшілік етеді. Өзінің бай тә­жірибесін қазба байлықтарын игеруге жұмсап жатыр. Соңғы екі жылдан бері табиғи паркті Ерлан Мұстафин басқа­ра­ды. Ол да бұл салада жиырма жыл­дай еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған іскер маман. Сөз саптауы, табиғи парктің атқарып жатқан істері жайлы тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп беруі осыны аңғартқандай. Мұның алдында Ерлан Қабылұлы Зайсандағы қорыққа жетекшілік еткен-тін. Кең кабинеттің ішіндегі ұлттық парктің картасы, арнайы оқулық кітаптар, басқа да қажетті құралдар көз тартады. “Қар барысы”, “Қонақ үйлер”, “Шығыс Қазақстан”, “Ұлттық парктің еңбектері” атты кітаптар түрлі-түсті суреттерімен, осында мекендейтін құс-жануарлардың көркемдігімен ерекшеленеді. – Ұлттық парктің аумағы сонау Белқарағайдан басталып, арысы Шындығытайға дейінгі алқапты алып жатыр. Тіпті еліміздің шекарасын қорғауда ерлікпен қаза тапқан Раджан Батырханұлы атындағы заставаға дейін жететін паркті күтіп-ұстау расында да ауқымы зор, жауапкершілікті талап ететін маңызды шаруа. Ұлт­тық парк дүниеге келгенше орманның сирек кездесетін балқарағайы мен самырсыны, басқа да бағалы ағаштар “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетті. Тіпті адамдар бұзауға қазық үшін теректі тамырымен, мал айдау үшін қарақатты түбірімен жұлып алып, аяусыз күйретті. Ал отынға қаншама ағаш кеткенін бір Алланың өзі біледі. Ну орманның ішіндегі емдік шипалы шөп, “Қызыл кітапқа” енген құстар мен жануарлар да “жат пиғылдылардың” оңай олжасына айналды. Бір кездері осынау табиғатын суреттеуге тіл жетпейтін өлкеде тек құстың 260 түрі болған. Қазір ол азайып кетті. Егер мемлекеттік табиғи паркті құрмағанда, енді бір он жылда барлық байлығымыздан айрылып қалатын халге жетеді екенбіз. Мұнда қызмет ететіндер “ұшатын тиінді” жақсы біледі. Алтайда олар санаулы ғана қалды. Өзіне қауіп төнген кезде бұл құстың терісі ашылып, 40 метрге дейін ұшады. Мұндай тиін еліміздің басқа ай­мақ­тарында жоқ. Қара дегелек, балық аулап күн кө­ретін скопа, күдір, қар барысын алайық. Ендеше, ел байлығын қорғау, әлпештеу мына біздердің міндетіміз, – деп Ерлан Қабылұлы біраз жайлардан хабардар етті. – Соңғы екі-үш жылда аң-құстардың өсуі байқала ма? Бұл жайлы деректер бар ма? – деп сауал тастадық. – Неге болмасын. Мәселен, 2007 жылы бізде 97 бұлан, 2772 сібір елігі, 670 кәдімгі түлкі, 10350 бар­шабай жолақ тышқан, 6622 суыр, 1428 аққоян, 1568 сұр құр, 230 үлкен бейнарық, 840 самырсын құс болса, өткен жылы олардың саны тиісінше 101, 2832, 686, 10500, 7388, 1455, 1605, 235, 890-ға өскен. Демек, сәл болса да өсу байқалады. Бұдан үш-төрт жыл бұрын табиғи паркте бол­ғанымызда, еңбек ететіндердің саны 200-ге таяу еді. Қазір мұнда 356 адам жұмыс істеуде. Олардың ішінде 220 адам жоғары және кәсіптік орта білімі барлар. 337 адам орман және жануарлар әлемін қорғау жұмыс­та­рын атқаратындар. Яғни, 250 мемлекеттік инспектор, 32 орман шебері, 9 орманшы, 9 орман­шының көмек­шісі және құрылымдық бөлім басшылары бар екен. Біз шеберлікті шыңдауға, мамандықты жетілдіруге көңіл бөліп отырамыз, деп әңгімесін жалғастырды Ерлан Қабылұлы. Өткен жылы 6 қызметкер білімі мен біліктілігін көтеру үшін түрлі курстарда оқыды. Оның пайдасы зор. Бұл күндері Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Ақсу, Усть-Язовая, Белқарағай, Алтай, Шыңғыстай, Чернова, Берел және Аршаты – барлығы сегіз орманшылық бар екен. Оның ішіндегі үлкені 100 мың гектарды алып жатқан Алтай орманшылығы. Міне, осындай орман­шылықты қорғау үшін қаншама техника, ат, қару-жарақ керек. Өрттің бетін аулақ қыл­сын, осыдан екі-үш жыл бұрын табиғи парк аума­­ғында өрт шығыпты. Абырой болғанда ол техниканың күші­мен тез сөндірілген. Өткен жылы паркке бірнеше өрт сөндіргіш мәшине, басқа да қажетті жабдықтар берілген көрінеді. Мектеп оқушылары орман байлы­ғын қорғауда көмек көрсетіп тұрады. Мек­тептердегі эколог-туристік клуб­тар­да өткен жылы 12 семинар, 78 лек­ция өткізіліпті. Ал жергілікті тұрғын­дармен 43 кездесу мен 53 кеңес беру сабақтары болған. Өткен жылы қоғам байлығына көз алартушыларға қарсы 174 рейд, 151 тексеріс жүргізіліпті. Оның ішінде 36 рейдке Катонқарағай ішкі істер бөлімі мен Өрел шекара комен­да­турасы қызметкерлері қатысқан. “Аталмыш тексеріс кезінде талай кемшіліктердің беті ашылды. Мәселен, ағашты өз бетінше кесу, малды рұқсат етілмеген жерге жаю, өрт қауіпсіздігін сақтамау, басқа да теріс әрекеттерге жол бер­гендерге әкімшілік шаралар қолд­а­ны­лып, айыппұл са­лынды. Қазір тұр­ғындар тәртіпті бұза қалса, жауапкер­шілікке тар­тылатынын жақсы біледі, сондықтан оқта-текте болмаса бұған бара бермейді”, дейді Е.Мұстафин. Табиғи парк өздерінің орман алаңын жыл сайын ұлғайтуға да көңіл бөліп отырады екен. Мәселен, өткен жылы 120 гектарға ағаш көшеттері отырғызылыпты. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда 12 гектарға артық. Самырсын, қарағай, басқа да бағалы ағаштарды неғұр­­­лым көп отырғызсақ, келешек ұрпаққа асыл қазынаны со­ғұр­лым көп тастап кетеміз дегенді айтады парк қыз­­меткерлері. Тағы бір айта кететін жәйт, Е.Мұстафин өз күштерімен қаржы табуға да ұжымды жұмылдырып отырады екен. Мәселен, өткен жылы он тонна хош иісті жаңғақ жиналып, ол тұрғындарға саудаланған. Табиғи парктің мекемесі жанындағы қолөнер шебер­лерінің үлкен бөлмесіне енгенде, төрт-бес жігіттің бал құятын ағаш ыдыстарды, неше түрлі орындықтар мен заттарды жасап жатқанын көрдік. Оларға Е.Ахмадиев жетекшілік ететін көрінеді. Шеберлер өткен жылы 600 мың теңгенің қолөнер заттарын жасапты. Олардың ішінде өздері әдемі етіп жасаған домбырасы да сапалы. Табиғи парк туризмді дамытуға да көңіл бөлуде. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, Әлібек Асқаров – қасиетті Катонқарағайдың тумасы. Әлібектің туған жерді жырлаған, табиғатына еріксіз бас иген тамаша туындылары да ұлттық парк қызмет­керлерінің қолына тиіпті. Әлекеңнің шығармаларында айтылатын Көккөл сар­қырамасы, Қаракөл көлі, Рахман қайнары шипажайына туристер көптеп келіп жатыр. Өткен жылы осы аймаққа 2457 адам келіп тыныққан, денсаулықтарын түзеген. Олар парк аумағында демалғандары үшін 2 миллион 319 мың 545 теңге төлеген. Қазір парк аумағында 8 бекітілген эколо­гиялық маршрут жұмыс істеп тұр. – Әлі де бұл бағытта көп істер тындыру қажет. Облыс әкімі Б.Сапарбаев пен Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев бізге үнемі қолғабыс жасап тұрады. Аудан әкімі С.Зайнулдин телефон тартқызып, жол жөн­деуге көмектеседі. Алдағы уақытта “Өс­кемен-Зырян-Катонқарағай-Рахман қайнары” республикалық дәрежедегі жол­дарына қосымша қаржы бөлінсе, туристер легі толастамас еді, – дейді ұлттық парктің бас дирек­торы Е.Мұстафин. Белқарағай орманшылығында 40 гектар жерде питомник бар. Питомниктегі биіктігі небәрі үш-төрт сантиметрлік көшеттер ек-үш жылдай осында өсіріліп, мер­зімі жеткен кезде парктегі сегіз орманшылықтың аума­ғына отырғызыла бастайды. Көне орман белдеуі­­мен, ежелгі қарағай, самырсындарымен атағы шыққан Алтайда ағаш өсірудің бірнеше түрі бар. Соның ішінде тиімдісі қолдан көшеттер отырғызу, дейді кәнігі орманшылар. Алтайдың орман байлығы қырағы күзетте. Қазақ­стан орманының 70 пайызы Кенді Алтайдың үлесіне тиеді десек, оны қорғап, өсіріп, жат көздерден сақтап келе жатқан табиғи парк басшылары мен маман­дарының, қара­пайым орманшылардың еңбегі зор. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.