Облыстың барлық аумағына биыл қар көп жауды, ал шет аумақтағы Ғ.Мүсірепов ауданында тіптен қар қалың. Бұл жақтың ормандары аз болғандықтан бораған қар көбінесе жолдарға үйіледі. Сондықтан мұнда тек қуатты техникалармен ғана жол аршылады. Ұйытқыған бораннан тұрып қалған жеңіл машиналардың үстінен қар жүріп кеткен жағдайлар да жиі кездесіп тұрады.
Жуырда осы ауданның тұрғыны Арай Жаңатуғанова жеңіл машинасымен жалпы 6 адам болып келе жатып қалың қарға тұрып қалып, қатты қиындық көреді. Олардың ішінде сегіз айлық бөбек те болған. Содан жолда қалған машинаның пеші де істен шығады. Әйелдің айтуына қарағанда, оларға көмекке полиция қызметкерлері келіп қана ажалдан құтқарған. Қиын жағдайда қалған адамдардың хабары жеткен бойында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Сайран Смағұлов, Ризабек Ерсайынов, Қайрат Оразбеков және Дамир Әбдірахманов жол пайдалану учаскесі және «Нежинка-Ерке» ЖШС техникаларының күшімен адамдарды ажалдан құтқарып, алғыс алды.
Ал мына оқиға кеше ғана болды. Аудан орталығы Новоишимка селосындағы №16 өрт-құтқарушылар бөліміне ауданның алыс ауылдарының бірі Тахтабродтың әкімі хабарласып, 67 жастағы бір адамның қатты қысылып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Оны дереу аудан орталығындағы ауруханаға жеткізбесе, жан тапсыратыны белгілі болады. Тахтаброд пен Новоишимканың арасы – 150 шақырымдай жер. Жолды боран жауып тастаған. Науқасты ауылдан алып шыққан жедел жәрдем машинасын сағатына 40-50 шақырымдық қана жылдамдығы бар Виктор Черевиктің К-701 тракторы ауданға жеткізгенше кемінде үш сағат өтпекші. Осыны ескерген аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Санат Мұқашев трактордың алдынан жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» көлігін жібереді. Жүргізуші Елдар Құрмановтың қасына өзі және Е.Төрегелдинов отырып, адамды ажалдан құтқару үшін алып техника Тахтабродтың жолына түседі.
«Жолға тұрып қалған қар қатты әрі қалың екен, жел тақырлап тастаған кейбір ашық жерлер көктайғақ, оның үстіне бүйірден қатты дауыл ұрып тұрды. Соған қарамай мүмкіндігі болған барлық жылдамдықты қосып, Тахтабродтан шыққанына 20 шақырымдай болған трактормен кездесіп, науқасты мінгізіп алып, таңғы сағат 05.50-де ауруханаға жеткіздік», дейді Санат Мұқашев.
Ауру адамға бірден операция жасалып, ажалдан қалыпты.
Осының алдында ғана, бір күн бұрын көршілес Тимирязев ауданында да қарға батып, оның үстіне бензині бітіп, тұрып қалған «Газель» көлігінің де жүргізушісі құтқарылған еді. Автокөлік Москворецк ауылынан Тимирязев селосына шығып, 7 км жүрген соң тұрып қалған екен. Тісі-тісіне тимей жаураған жас жігітті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жігіттері «Нива-Бронтомен» сүйреген бойы аудандық қонақүйдің алдына бір-ақ жеткізді.
Міне, Солтүстікте де қоянның қысы осылай әлек салуын қоймай тұр.
Солтүстік Қазақстан облысы