• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қаржы 11 Ақпан, 2024

Жаңа жылда кімдердің жалақысы өсті?

1312 рет
көрсетілді

«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?» (Р.Отарбаев) деген риторикалық сұрақ қоғамды әр жаңа жыл күнтізбесі басталған сайын үміттендіріп, Үкіметтің үп еткен жаңалығына қарайлатып қоятыны рас. Осыған сай, биылдан бастап елімізде бірқатар сала қызметкерлерінің айлық жалақысы өсетіні белгілі болып отыр. Ұлу жылында кімдердің жалақысы қаншалықты өсетініне шолу жасап көрген едік.

Жоспардың мәні

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтардың табысын арттыру мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырған еді. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетіні анық.

Ал жалпы жалақыны өсіру­ге қанша теңге қажет екенін экс Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев 2024 жылы азаматтардың жалақысы көтеруге қанша теңге бөлініп отырғанын айтқан еді. Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға 2024 жылға 3,5 трлн теңге жоспарланған. «Оның ішінде 1,5 млн-нан аса жұмыскердің жа­ла­қысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыс­пен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспар­ланып отыр», дейді ол. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 

Тәрбиеші, ғалым һәм орманшы

2024 жылы балабақша тәрбие­шілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 96 млрд теңге қарастырылды. 242 млрд теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталып отыр. Бұл 616 же­тек­ші отандық ғалымдардың жала­қысын арттырады. Ал мем­лекеттік табиғи және орман қор­ғау қызметкерлеріне қосым­ша ақы төлеуге 15 млрд теңге көз­делген. Сондай-ақ Үкіметтің аза­маттық қорғау органдары қыз­­меткерлерінің, әскери қыз­мет­­шілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орын­дары оқытушыларының жа­ла­қысын көтеруді жоспарлап отырғаны мәлім болды. Жал­­пы, энергоблокқа 2,6 трлн теңге кө­леміндегі шығындар енгізілген.

 

Азаматтық қызметкердің айлығы артады

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі аза­маттық қызметшілерге, мем­лекеттік бюджет қаражаты есе­­бі­нен ұсталатын ұйымдар­дың қызметкерлеріне, қазына­лық кәсіпорындардың қызмет­кер­леріне еңбекақы төлеу жүйе­сіне өзгерістер енгізу туралы Үкі­мет қаулысын дайындады. Атап айтқанда, біліктілік санат­тарына қолданылатын коэф­фи­циенттерді арттыру қарасты­рылып отыр. Азаматтық қызмет­шілердің құрамына білікті жұ­мыс­шылар кіреді. Мәселен, коэффициенттердің ұлғаюы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін көтерілуіне байланысты қарастырылған. Еңбек заңына сәйкес, бірінші разрядты жұмыскердің еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төмен мөлшері айлық жалақы­ның ең төмен мөлшерінен кем бол­мауға тиіс. Қаулы 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Құжат 30 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға түскен еді.

 

Су саласындағы серпіліс

7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы су саласына аса назар аударып, бағыт-бағда­рын айқындап берді. Бұл ретте биылғы 1 қаңтардан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өспек. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті шараларды әзірлеп жатыр. Бұған қоса еліміздің әр өңірінде су ресурстарын бөлу және оны пайдалануды бақылау мәселелерімен айналысатын бөлімдер ашылып, жаңа жұмыс орындар пайда болмақ.

«Су саласында қызмет ету­дің тартымдылығын арттыру қа­жет. Еңбекақыны көтеру – осы бағыттағы маңызды қадамдар­дың бірі. Әрине, жұмыс істеп жүрген кадрларды салада ұстап қалып қана қоймай, уақыт талабына сай мамандардың жаңа толқынын дайындау да маңызды. Министрлік тиісті ұсыныстар енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 

Кенші, кітапханашы және журналист

Осы жылдан бастап қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істей­тіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі әзірледі. Бұл метал­лургия, энергетика, тау-кен сек­торындағы жұмысшыларға қа­тысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көле­мінде беріледі. Кеншілердің жала­қысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі табыс 300-400 мың шамасында болады. Ал бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сү­лейменованың айтуынша, 2023 жылы кітапханашылар мен мұрағат ісі мамандарының жа­лақысы 20 пайызға артты. Сон­дай-ақ 2027 жылға қарай олар­дың еңбекақысы екі есе көбейеді.

«Қазір 25 жыл өтілі бар кі­тап­­­ха­нашылардың жалақысы ор­та есеппен 140 мың теңгені құ­­­райды. Жалақысы көтерілетін қыз­меткерлер санатына кірмей қал­ғандықтан, білім мен мәдениет саласындағы кітапханашы, қо­сал­қы қызметшілер жағдайын айтып хабарласты. Енді кітапхана қызметшілері мен мұрағат ісі ма­мандарының жалақысы 20%-ға артты», деді Мәжіліс депутаты.

Мәдениет және ақпарат ви­це-министрі Қанат Ысқақовтың мә­лімдеуінше, мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қыз­меткерлердің айлығы өседі. Мем­лекеттік БАҚ құралында жұ­мыс істейтін журналистердің жала­қысы былтыр 30 пайызға, биыл 30 пайызға артты, ал 2025 жылы 20 пайызға көбеймек.

Бұл қызметкерлердің жала­қысын 2027 жылға қарай екі есе өсіру жоспарланып отыр. 2023 жылғы II тоқсанда елімізде айлық жалақының орташа мәні 2022 жылғы тиісті тоқсанға қара­ғанда, 17,1%-ға өсіп, 365 502 теңге болды. 2022 жылдың II тоқ­са­нымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыс саласында – 36%, көлік және жинақтауда – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 23,7%, көтерме және бөлшек сау­дада 21,8% көлемінде байқал­ды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 20,4%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 15,6%-ға өсті. Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2 есе, тау-кен өндіру өнеркә­сібі – 1,9 есе, ақпарат және байланыста – 1,5 есе, ғылыми және техникалық қызметте 1,3 есе жоғары болып тіркелді.