• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Ақпан, 2024

Мүгедек жан пәтерге мұқтаж

412 рет
көрсетілді

Екібастұздық мүмкіндігі шектеулі жан Гүлнара Жанақова ширек ғасырдан бері мемлекеттен бөлінуге тиіс пәтерге қол жеткізе алмай отыр. Бүгінде аядай ғана екі бөлмелі баспанада алты адам тұрады. Әкесі зейнеткер, ал шешесі қызын күтетіндіктен жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.

Гүлнара – бала шағынан І топтағы мүгедек жан. Биыл жасы 38-ге келеді. Қоз­ғалыс жүйесі, сөйлеу мүм­кіндігі да­мы­­маған. Қызы үнемі күтімді қажет ететін­діктен, анасы Қар­лығаш Жанақова жанынан шыққан емес. Ұдайы ба­ғып-қағып, кішкентайынан қы­зының өмірі үшін күресіп келеді.

Анасының айтуынша, қызын жергілікті мемлекеттік органдар осыдан 25 жыл бұрын мүгедектігі бойынша тұрғын үй кезегіне қойған екен. Алайда ширек ғасыр уа­қыттан бері жарымжан жан­ды қала билігі тиесілі пә­тер­мен қамтамасыз ете алмай отыр. Ал тұрып жатқан екі бөлмелі пәтер – әкесі Жү­сіптің атында.

– Королев көшесі, 100 ме­кенжайындағы көпқабатты үйде алты жан бір пәтерді паналап отырмыз. Гүлнарам – кішкентайынан осындай мүгедек бала. Әрдайым жа­нын­дамын, күтім керек. Бұ­ған қоса бізбен бірге ұлым Бектас, келінім және неме­реміз тұрып жатыр. Олар­дың басқа барар жері жоқ. Отағасы Жүсіп зейнет жасында, өзім бұл жағдайда жұмыс істей алмайтыным анық. Сайып келгенде, тек мемлекеттің жәрдемақысына күнелтіп отырмыз. Пәтерді де өз бетімізбен кеңейтуге мүм­кіндігіміз жоқ. Пәтер кезегі жылжитын емес, – деп мұңын шақты Қарлығаш апай.

Аталған мәселе бойынша Екібастұз қаласының әкімдігіне хабарласып көрдік. Қала басшысының орынбасары Бибігүл Иманғалиева аталған азаматшаның 2013 жылғы 9 шілдеден бастап «І топтағы мүгедек» санатымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрғанын растады.

– 2013 жылы Гүлнара Жанақова №1752 болып ке­зекке тіркелген екен. 2022 жылы 446-шы болып тұр­ған. Қазіргі уақытта кезек­тегі нөмірі – 168. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74-бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан бөлінетін пәтерлер белгіленген кезектілік тәр­тібімен тұрғын үй алуға мұқ­­таждар есебінде тұрған аза­­маттарға беріледі. Бұл аза­матшаға әзірше кезегі жетпей үй беру заңға томпақ келе­ді. Әрі ол кезекте тұрған өзге жандардың заңды құқық­тарын бұзғанымыз болар еді, – дейді Б.Иманғалиева.

Кейінгі жылдары көмірлі шаһардағы мүгедектерге пәтер беру көрсеткіштеріне көңіл толмайды. 2022 жылы І және ІІ топтағы мүгедектерге 23 пәтер берілсе, өткен жылы небәрі 10 мүмкіндігі шектеулі жан баспаналы болған.

Мүгедектерге мемлекет­тік тұрғын үй қорынан пә­тер бөлу үрдісі жалпы Ер­тіс-Баян өңірінде кенеуі кетіп тұрған мәселе сынды. Өңірлік жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масының басшысы Альмира Дисюпованың дерегінше, кейінгі 10 жылда бірінші, екінші топ мүгедектеріне және мүгедектігі бар бала­ны тәрбиелеп отырған отба­сыларға жалпы саны 477 пәтер берілген.

Альмира Аманқызы жал­ғыз-ақ отбасы өзге пәтерді жалға алатын болса, жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет өтеп беретінін жеткізді.

«2022 жылдан бері елі­мізде жалға берілетін тұр­ғын үйді субсидиялауға өтінім­дер қабылданып жатыр. Бі­рін­ші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүм­кіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, көпбала­лы отбасыларға тұрғын үйді жалға алу шығыстарының 50 пайызын мемлекет тарапынан өтеу қарастырылған. Ол үшін өтініш беретін жерге бару керек. Мысал үшін ол Екібастұз қаласында «Maxi Mall» сауда үйінде, «Отбасы банк» АҚ бөлімшесінде бар», деп түсіндірді басқарма басшысы.

Осылайша, бұл отбасының мемлекеттің уәделі пәтерін күте-күте күдері үзілгендей. Қарлығаш апайдың айтуын­ша, науқас қызы барын ес­тігендер жалдамалы пәтерге қабылдамайды. Ата-анасы осы уақытқа дейін тапқан-таянғандарын қызының ден­саулығы үшін жұмсап тын­ған. Қартайған уақытта кең пәтерге көшіп, қызына жайлы жағдай жасаймын деген үміттері жақын уақытта орындалмайтын сияқты.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы