Солтүстікқазақстандық полиция қызметкері, аға лейтенант Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингтен Үндістан астанасы Делиде өткен халықаралық үлкен турнирде алтын медаль алып, елімізге олжа салды. Турнирдің жартылай финалында ол Непалдық қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктірсе, финалдағы қарсыласы Иран палуанын айқын басымдықпен жеңді.
Полиция қызметкері Нұрсұлтан Жақыпов екі жылдан бері кикбоксингтен Қазақстан құрама командасының мүшесі болып келеді. Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингпен алты жасынан бері айналысқан. Кейінгі жылдарда ол шеберлігін Петропавл қаласында Әділ Нұржауыповтың жетекшілігімен жалғастырып, қазір еліміздің құрама командасында жаттығады. Қапсағай бойлы қара жігіт рингте баяғының батырларынша ойқастайды. Оның дәл тигізген соққыларынан ұшып кетіп жатқан қарсыластарын көргенде айызың қанып отырады. Былтыр ол Қазақстан құрама командасының сапында Тайландта өткен Азия біріншілігінде чемпион болды. Бангкокте болған осы чемпионатқа 22 елдің спортшылары қатысқан. Соның ішінде Нұрсұлтан үш жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрін тізе бүктірді.
Финалға шыққан қарсыласы ирандық кикбоксшыны Нұрсұлтан алғашқы раундтың өзінде екі рет нокдаунға жіберіп, екінші раундта нокаутқа түсірді. Қазақстан құрамасы барлығы 21 медаль алып, Азияда бірінші орынды еншіледі.
Сол жолғы сапардан жеңіспен оралған оны Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің бастығы Айдын Қабұлдинов қабылдап, сый-құрмет көрсеткен. Бірақ біздің Солтүстікте атақты спортшыларды қолдау еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда үнемі кемшін болып келеді. 30-ға келген Нұрсұлтан Жақыповтың әлі күнге аға лейтенант қана болып жүргені де соның айғағы. Еліміздің атын айдай әлемге танытып жүрген үздік спортшыларға тартыншақтамай, жақсы қолдау жасау керек қой.
Жалпы, Қазақстан құрамасы кикбоксингтен әлемнің үздік командаларының біріне жатады. Былтыр біздің құрама Португалияның Албуфейре қаласында 70 елден 573 спортшы қатысқан Әлем біріншілігінде 22 марапат алған еді. Оның бесеуі – алтын, бесеуі – күміс және 12-сі – қола медаль.
Солтүстік Қазақстан облысы