Биыл басқа жерлердегі сияқты Солтүстік Қазақстанда да қар өте қалың. Сондықтан қар теуіп азық табатын жануарлар шөпке жете алмай ауылдарға да кіріп кетіп жатыр. Жуырда, тіпті Қызылжар қаласының Есіл бойындағы «Жеңіс» паркіне кіріп кеткен еліктерге сол жердегі тұрғындар базардан жем сатып әкеліп төгіп, тамақтандырды. Тағы бір жануарларды қаңғырған иттер қуып жаралап, бір азаматтар жарасын таңып, мал дәрігеріне тапсырды.
Аштықтан жандары қысылған еліктер адамзаттан осылай көмек алып жатыр. Қазір олар қары тазаланған жолдың жиегіне батыл басып келіп, жиектегі қарды теуіп тамақтарын табуға тырысып жүр. Осыны көргенде аштықтан жаны қысылып, 30-жылдардағы босып кеткен қазақтар көзіңе елестейді. Тамақ үшін олар да осылай жан сауғалады-ау...
Осыны түсінген жандар көзі жәудіреген, табиғаттың сұлу аңына қолдан келген көмектерін беруге тырысып жатыр. Бірақ адамның бәрі саналы емес, аң көрсе, ата жауын көргендей жұлқынатын біреулер бейбақ жануарларды қыруға әуес. Ондайлар тіпті қазір ашатұяқты аңдарды аулауға тиым салынғанына да қарамайды.
Ақпан айының басынан бері полиция қызметкерлері орман және аңшылық шаруашылықтарының жұмысшыларымен бірлесіп, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Олар 7 күн ішінде 91 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 62-сі – аңшылық, 21-і – балық аулау қағидаларын бұзушылықтар. Арасында Айыртау ауданының бір тұрғыны да бар. Полиция қызметкері оның жүрісінен секем алып, Бұрлық орман шаруашылығы мен Қаратал ауылының ортасында тоқтатқан. Күдік тегін болмаған, әлгінің көлігінен 16 калибрлі тіркелмеген «ТОЗ» мылтығы мен төрт оқ табылған. Өзі осы маңда отын дайындайтын кәсіпорында жұмыс істейтінін айтқан. Тұрғылықты жеріне келгенде оның бірнеше елікті жайратып, етін бөлшектеп қойғаны белгілі болды. Жазықсыз жануарларды қырған міскін қамауға алынды. Енді ол соттың шешімімен өмірі таппаған ақшасын айыппұл ретінде төлейтіні белгілі.
Осындай сорақылық Шал ақын ауданындағы Сергеев орман шаруашылығының маңынан да шықты. Қар үстінде зымырайтын «Буран» мотошанасының үстіндегі 59 және 26 жастағы екі азамат та бірнеше елікті атып тастаған. Мотошананың иесі осы аудандағы ауызсумен жабдықтайтын кәсіпорын екен, ал мына екеуі соның жұмысшылары болып шықты. Олардан алынған 9 патроны бар «ИЖ-18» мылтығы да еш жерде тіркелмеген.
Облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың айтуына қарағанда, осы екі оқиға да сотқа дейінгі тергеу тізіліміне енгізілген.
Солтүстік Қазақстан облысы