Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының «Beginning C++ Compilers. An Introductory Guide to Microsoft C/C++ and MinGW Compiler» («C++ компиляторына кіріспе») атты кітабы әлемге танымал «Springer» баспасынан ағылшын тілінде жарық көрді.
Айтулы баспадан шыққан кітап авторлары – математика және компьютерлік модельдеу кафедрасының аға оқытушысы Берік Төлеуов пен ақпараттық қауіпсіздік жүйелері кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Әдемі Оспанова. Олардың бұл еңбегінде әлемдік техникалық әдебиеттерде бұған дейін айтылмаған тың мәліметтер келтірілген. Жаңа басылым Windows жүйесінде C/C++ компиляторларын жылдам және тиімді орнату жолдарын сипаттайды.
«C/C++ компиляторларын орнату әдетте көп уақытты алады, өйткені адамдардың басым көпшілігі Microsoft Visual Studio бағдарламасын пайдаланады. Visual Studio бағдарламасын орнату әдетте шамамен 40 ГБ дискілік кеңістікті және көп жедел жадты қажет етеді. Сондықтан оны өнімділігі төмен деңгейлі жабдықта іске қосу мүмкін емес. Енді біз Microsoft C/C++ компиляторын қолданудың қарапайым әдісін ұсынамыз. Оның барысында дискілік кеңістікпен мәселе туындамайды немесе аппараттық ресурстардың жетіспеушілігі орын алмайтын. Бұл әдіс уақытты айтарлықтай үнемдейді, өйткені бағдарламалық жасақтаманы, тіпті флэш-дискілер сияқты алынбалы құрылғыларда оңай және портативті түрде орналастыруға болады», дейді Берік Төлеуов.
Бұл жинақ C++ тілін меңгеруге уақытын үнемдейтін және бағдарламалық жасақтаманы орнатумен танысуға қызығатын барлық пайдаланушыға арналған. Қазір кітапты оқытушылар мен студенттер де пайдаланады.
Айта кетейік, «Springer» – жаратылыстану ғылымы бағытында академиялық журнал мен кітап шығаруға маманданған халықаралық баспа компаниясы. Қазір компанияда әлем бойынша 2 900 журнал мен 300 000 кітап бар.