Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің кеңейтілген бірлескен алқа отырысы өтті. Алқаның арқалаған жүгі – білім беру сапасын жақсартып, саланы ілгерілету үшін не істеу керек және бұған дейін не істелді деген сұрақ. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.
Білім – бүкіл әлемді өзгерте алатын қуатты қару. Егер білім беру жүйесінде сапаға мән берілмесе, тұрақты даму болмайды. Орта білім, жоғары техникалық және кәсіптік білім, жоғары білім салаларында зерттеулерге басымдық беріліп, әзірлемелер мен инновациялардың, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлеуетін арттыру үшін прагматикалық бастамалар қабылдануы керек. Сонда адами капиталға ықпал ететін білімге негізделген қоғам қалыптасады. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: «Қос министрліктің бір жерде жиналуы осы мақсатқа жету үшін бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу керегін білдіреді», деп түсіндіріп өтті.
Әуелі Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев орта білім жүйесіндегі өзгерістер мен атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы толық баяндама жасады. Министрдің айтуынша, өткен жылы білім саласына бөлінетін қаражат ұлғайды. Қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайту мақсатында жобалар басталып, ауыл мектептері мен колледждердің инфрақұрылымы жақсарды. Сондай-ақ тамақтану сапасы да назарға алынды.
– Инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 67 мың жаңа орын ашылып, 2-6 жастағы балаларды қамту 91 пайызға дейін артса, апатты және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешуге бағытталған 137 мың орындық жаңа 165 мектеп іске қосылып, 12 апатты 29 үш ауысымды мектептің мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар еліміздегі 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2 100 мектеп жаңғыртылды. Оның 1 008-і ауыл мектебі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы және уақтылы іске асыру мақсатында министрлік мектептерде эргономикалық, қауіпсіз орта құруды көздейтін барлық қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірледі. Техникалық және кәсіптік білім беруде студенттердің оқу шеберханаларынан нақты өндіріске «үздіксіз ауысуына» басымдық берілді. 558 колледжде дуалды оқыту ұйымдастырылып, 410 колледжді 500 кәсіпорын қамқорлыққа алды. Бизнестің тікелей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 2023 жылы техникалық мамандықтарға қабылданған студенттердің үлесі 60 пайызды құрады, – деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі сапалы білім берілуі үшін педагог мамандарды даярлаудың маңызды екенін айта отырып, осы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.
Саясат Нұрбек те министрліктің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, нәтижелерді баяндады. Сондай-ақ алдағы жұмыстарға тоқталды.
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы көтерілді. 2021 жылдан бастап 27 мың орындық 126 жатақхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында әлемнің озық 12 университетінің филиалы ашылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді министр.
Жоғары білім беру саласында заманауи инфрақұрылымды құру және зертханалық құралдарды жаңарту өзектілігі артып келеді. Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық шеберлік орталықтарын құру, «ҚазҰУ-град», «ЕҰУ-град» кампустарын салу, Қонаев қаласында академиялық қалашық құру жобалары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ғылымды дамыту мәселелеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін ғалымдардың мәртебесін көтеру, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары жүргізілді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, ел экономикасының құрылымына және халықаралық тәжірибеге назар аудара отырып, ғылымды дамытудың жеті басым бағыттарының тізбесі қайта қаралды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды – жоғары оқу орындарының жанындағы инженерлік орталықтар мен технопарктерді қалыптастыруға 16 млрд теңге бөлінді. Қазіргі заманғы ғылыми жабдықтың 850 түрі сатып алынды, ағымдағы жылы күрделі шығындарға 2 млрд теңге бөлінді, ғылыми жабдықтардың 14,3 пайызы жаңартылды, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру енгізілді.
Сонымен қатар ғылыми кадрларды даярлау үшін жағдай жасауға, ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктерін іске асыруға және әлеуметтік қолдау пакетін кеңейтуге – еңбекақыны арттыруға және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, деді С.Нұрбек.
Қазіргі кезде ғылымға көңіл бөлу қажеттілікке айналды. Мықты ғалымдардың негізі тек жоғары оқу орнында немесе одан кейін қалыптаспайды. Ең алғашқы баспалдақ ол – мектеп. Сондықтан білім беру жүйесіндегі барлық кезең бір-бірімен тығыз байланысты. Оқушы орта білім кезеңінде-ақ терең білім алып, қоғамға қажетті дағдыларды игеріп шығуы керек. Одан кейін жоғары білімнің де өз міндеттемелері бар. Осы тұста Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев академияның министрліктермен өзара байланысы маңызды екенін атап өтіп, елдің ғылыми әлеуеті туралы барлық деректердің базасын қамтитын және ғылыми қызметтің барлық субъектілерімен интеграцияланған Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру туралы ұсынысын жеткізді. «Ғылыми қызметті басқару саласындағы тағы бір кемшілік – отандық ғылымның жай-күйі туралы объективті және шынайы талдамалық ақпараттың болмауы. Онсыз ғылымның жүйелі дамуы мүмкін емес. Құрметті Саясат Нұрбекұлы, жүйені құру үлкен ұйымдастырушылық жұмыс болғандықтан, сіздің жеке қолдауыңызды талап етеді», деді ол.
Бұған қоса, Ақылбек Қажығұлұлы академияның жоғары ғылыми ұйым ретіндегі құқықтық мәртебесі заңнамалық деңгейде айқындалмағанын, оның басқару нысаны, функциялары, сондай-ақ қаржыландыру көздерінің реттелмегенін атап өтті. «Жалпы, отандық ғылымды дамыту үшін ғалымдардың мәртебесін лайықты деңгейде көтеруіміз қажет. Ол үшін заңнамалық базаға өзгерістер енгізу керек, академияның өз өкілеттіктері болуы керек. Заң қабылданса, жағдай реттелетініне сенеміз», деді А.Күрішбаев.
Ал Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп алқа отырысының ерекше жиын екенін атап өтті.
«Бұл жиынның ерекше болатын себебі – екі министрлік бірігіп кеңейтілген алқа отырысын өткізіп жатыр. Айта кететін жайт, жиынға білім саласын басқарған қазіргі және бұрынғы 12 министр қатысып отыр. Алаш арысы Міржақып Дулатұлының: «Жақсылыққа жетейлейтін жалғыз жол – оқу» деген сөзі бар. Сондықтан оқу, білім, білімнің сапасы айрықша маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім, ғылым, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ештеңеге қарамай тек алға жүру керек деген міндетті алға қойды. Кешегі министрлер кеңесінің кеңейтілген отырысында білім беру мәселесіне баса назар аударылды. Үкіметтің алдына жасанды интеллектіні дамыту туралы міндеттер қойылды», деді Сенат депутаты.
Кеңейтілген алқа отырысының соңында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова білім, ғылым саласындағы атқарылған жұмыстарға қатысты пікір білдіріп, көтерілген мәселелерді назарда ұстауды тапсырды. «Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру керек деген міндеттемесі өте өзекті. Ұлттық білім беру жүйесін сапалы қалыптастыруымыз қажет», деді ол.