Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар құжат қабылданды. Атап айтқанда, олардың қатарында халықтың көші-қон саласын реттейтін заң жобасы бар.
Ең әуелі депутаттар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Аталған мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
«Еуразиялық экономикалық одақтың 97-бабында оған мүше мемлекеттердің ғылыми дәрежелері әр тараптың ұлттың заңнамасына сәйкес танылады деп көзделген. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаты – төрт бостандық. Соның ішінде тауарлар, қызметтер, жұмыс күші мен капитал алмасу. Осы орайда жұмыс күшінің бостандығы осындай баптармен сәл шектеледі. Сондықтан келісімнің 6-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерін жүргізбей-ақ тануды ұсынады», деді С.Нұрбек.
Аталған келісімге 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде қол қойылған. Құжат одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны шеңберінде тануды көздейді.
Құжатта бірқатар мәселе қарастырылған. Мәселен, ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағында еңбек қызметін жүзеге асырған жағдайда ғылыми дәрежелерді (философия докторы (PhD), бейіні бойынша докторы, ғылым кандидаты және ғылым докторы) растаусыз танылады. Сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары жұмыс істейтін мемлекетте белгіленген академиялық дәрежесі бойынша үстемеақы алуға өтініш берген жағдайда ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды танудың ұлттық рәсімдері қолданылады.
Ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексерудің объективті тетіктерін құру және қатысушы елдер арасында ақпарат алмасу көзделген. Түпнұсқалықты тексеру үшін мүдделі ұйымдар басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салуға құқылы. Қазіргі таңда ЕАЭО-ға мүше елдер осы келісімді ратификациялау бойынша ішкі рәсімдерді жүргізіп жатыр.
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда 2022 жылдың сәуірінде мақұлданған болатын. Құжатта кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуін, сондай-ақ ел азаматтығын алуын шектеу ұсынылады.
Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады. Төтенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар жарамды болады. Түзетулерде төтенше жағдайлар кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда пайдалану мәселесі реттеледі. Мұндай құжаттар қолдану мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады.
Бұдан бөлек, түзетулерді екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «қандас» мәртебесін беру тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа норма әзірледі. Енді «қандас» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәртібі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Сонымен қатар қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этностық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары енгізіледі. Азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін қолдана алатын адамдар санаты кеңейтілді. Енді елімізде заңды түрде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының жесірлері тұру мерзіміне қарамастан оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен Қазақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ бұл қатарға халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар адамдар да кіреді.
Заң аясында көшіп-қонушылар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Үкімет айқындаған қабылдаушы өңірлерден конкурссыз ала алады. Олар бес жылға дейінгі мерзімге және иеліктен шығару құқығынсыз уақытша қысқа- мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде беріледі.
Бұл ретте жер учаскелерінің көлемі ең аз мөлшерден аспауы керек. Ал шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде иеліктен шығару және беру құқықтары көзделмейді. Өңірден көшкен кезде жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Мұндай аймақтарда 5 жылдан астам тұрып, өз міндеттерін тиісінше орындаған қоныс аударушылардың жаңа мерзімге шарт жасасуға басқаларға қарағанда басым құқығы болады.
Заң жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті көшуге қатысушыларға қоныс аудару үшін төленетін мемлекеттік субсидияларды қорғау нормасы белгіленді. Банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы несиелік міндеттемелері бойынша алымдардан тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеу енгізіледі.
Заң жобасындағы тағы бір ерекшелік – еңбекші көшіп-қонушыларға бір айдан он екі айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Қазір мұндай рұқсат бір, екі, үш немесе он екі айдан кем болмауы қажет мерзімге беріледі. Бұл ретте жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың мерзімін ұзарту да бір, екі немесе үш ай болуы мүмкін. Сонымен қатар енді жұмыс істеуге рұқсатты мерзімі біткенге дейін елден шықпай-ақ ең көбі үш айға ұзартуға болады.
Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша заңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау құрылғыларын қасақана бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осыған орай заңның мазмұны тек көші-қон саласындағы ғана емес, басқа да салалардағы заңнаманы қамтығандықтан, атауы да өзгертілді.
Бұл қылмыс үшін жаза енгізу ұсынылады: сотталғандарға – негізгі өтеу мерзіміне қосымша екі жылға дейін, қызметкерлерге – 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды. Өткен аптада ол жаңартылған Үкімет құрамында Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Татьяна Савельева сайланды.
Айтуар Қошмамбетов Мәжіліс депутаттарының қатарына қосылды. Ол – «Respublica» партиясы фракциясының өкілі. Мәжіліс депутаты ретінде ол ант қабылдап, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болып сайланды.
Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында Су кодексінің жобасы мен су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулер, Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы заң жобасы, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы бар.
Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновтен экономика мен инфрақұрылымды дамыту салаларында бәсекелестік үшін тең жағдай жасауды сұрады.
«Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет», деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни ұлттық бизнес жеке дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игілігінде болуға тиіс. Адал әрі әділетті ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті», деді Е.Саиров.
Депутаттың пікірінше, елде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар. Бұған дәлел ретінде негізгі экономикалық көрсеткіштер 10 компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз екенін атап өтті.
«Ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, теміржолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болды. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматқа өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік бермейді», деді Е.Саиров.
Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында жекеменшік мектептер мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жекеменшік мектептер мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж.
«Елімізде бала саны артып, үш ауысымда оқитын мектептер көбейген кезде Үкімет кәсіпкерлерге ұсыныс жасап, жекеменшік мектептер салуға шақырды. Осыған байланысты 2004-2010 жылдары жекеменшік мектептер жаппай ашылып, оқу орындарының тапшылығын шешуге оң әсер етті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 7 611 білім ұясының 707-сі – жекеменшік. Оқушылар саны 245 мыңнан астам және олардың тең жартысы – бастауыш сынып оқушысы. Бүгінде мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін», деді Қ.Балабиев.
Осы орайда депутат жекеменшік мектептерге Үкімет тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп отырмағанын атап өтті. Соның салдарынан мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық орын алып отыр. «Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік көмек, ыстық тамақ, мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу қарастырылмаған. Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалады», деді Қ.Балабиев.