Биыл 7 ақпанда Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б.Ибрагимовке, бас бухгалтері К.Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Антикордың хабарлауынша, сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты. Санамалайтын болсақ, олар қызметкерлерге жалақыны өзінің лауазымынан әлдеқайда көп аударған; білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға жалақы төлеген; қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректерін көрсеткен; бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған; «өлі жандарға», яғни туыстары мен жақындарына ақша аударған.
Бухгалтерлер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланып, төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған. Жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жымқырылатын қаражаттар белгіленген.
Былтыр жыл басынан бері білім беру саласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы саны 192 қылмыстық іс тіркеген. Олардың келтірген залалы 13 млрд теңгеден асып жығылады. Ең ірі жемқорлық оқиғалары Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды.
Түркістан облысының екі ауданында, атап айтқанда, Шардара мен Сарыағаш білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңгені жымқырған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Жетісу облысында Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Қаражат білім беру саласында істемейтін адамдардың шоттарына ақша аудару арқылы жымқырылған. Сонымен қатар құрамында 3 білім бөлімінің қызметкері мен 10 мектеп бухгалтері бар қылмыстық топтың мүшелері өздеріне және басқа мектеп қызметкерлеріне белгіленген жалақыдан жоғары жалақы төлеген. Оларға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Залалды өтеу мақсатында жалпы құны 3 млрд теңгеге тең қатысушылардың мүлкі тәркіленді.
Өткен жылдың қараша айында Талдықорған қалалық сотының үкімімен білім басқармасының бас маманы Д.Төлебай сотталды. Ол Талдықорған қаласындағы орта мектептердің тарифтік тізімдерін жалақының жоғары қажеттілігімен кедергісіз қарағаны және келісіп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу барысында Д.Төлебай жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәсін толық мойындап, іс жүргізу келісімін жасасу туралы өтініш білдірді. Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Осы сот үкімімен 2023 жылғы шілдеде Алматы облысы бойынша Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы Б.Ботабеков кінәлі деп танылды. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексеру барысында анықталған жымқыру фактілерін жасырғаны үшін 500 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталды. Қылмыстық іс кінәні мойындауына байланысты жеделдетілген тәртіппен аяқталды. Сот шешімімен Б.Ботабековке параның 15 еселенген сомасы, яғни 7,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар Талдықорған қаласының білім бөлімі басшысының аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағаны белгілі болып отыр. Ол анықталған жымқыру фактілерін жасырғаны үшін білім бөлімінің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алу бойынша айыпталды. Қазіргі уақытта айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласы орта мектебінің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша 8 жыл бойы ол өзінің банктік шотына жалақы түрінде ақша аударған. Қылмыстық іс бойынша жалпы залал 413 млн теңгеден асты. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызын құрайды.
Сонымен қатар аталған мектептің директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, бас бухгалтерге өз ЭЦҚ кілтін берген. Соның салдарынан жоғарыда аталған жымқыру фактісі жасалған. Бұған қоса, ол осы жерде нақты жұмыс істемейтін педагогке, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне белгіленген жалақыдан артық жалақы аудару арқылы 6 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілініп отыр.