• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2024

Жатақхана жайы жаға ұстатады

372 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы колледждерге тиесілі жатақханалардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Бірінде интернет қосылмаса, енді бірінде студенттердің ескірген көрпе-жастық жастанып жатқаны жанға батады.

Мәселенің мәнісін «Amanat» пар­тиясының белсенділері анықтады. Олар 1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжіне мониторинг жұмыстарын жүргізді. 300 орынға шақталған студенттер үйі 38 жылға жуық уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қабырғаларының сылағы түсіп, жиһазы бүлінген бұл жатақханада бүгінде 50-ге тарта студент тұрады.

«7 мамандық бойынша 600-ге тарта шәкіртке кәсіптік білім беріп отырған іргелі мекеменің жай-күйі сын көтермей­ді. Жатақхана қабырғаларының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйелерінің де жағ­дайы тым нашар. Оған қоса, қала­ның қақ ортасында тұрып интернет желі­сіне қосылмаған», дейді облыстық мәслихат депутаты Әсел Заирова.

Ал колледж директоры білім ордасында интернет барын, тек жылдамдығы нашар екенін айтып, ақталды.

«Интернеттің жылдамдығы төмен. Сондықтан ашылмай тұрған шығар. Негізінде интернет бар. Материалдық база да жеткілікті. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда қаржы қарастырылмай жатыр», дейді колледж директоры Рүстембек Бәкіров.

Мониторинг тобы одан әрі Қаскелең мәдениет колледжіне де аялдады. Мұн­дағы студенттер үйі 55 жыл бұрын са­лын­ған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алайда 70 орынға шақталған жатақ­­хана төсектері төрт аяғынан әзер тұр­­ғанын жасыруға болмайды. Төсені­ш­тері де ескі, шұрық-тесік. Электр жүйе­­сінде де қауіпсіздік талаптары сақтал­маған. Кей тұстарының тіптен, ашық жатқа­ны байқалады.

«Студенттер лас төсеніштерді қол­дануға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданған еді. Өкінішке қарай, жауап әлі күнге дейін жоқ», дейді аманаттық депутат Ә.Заирова.

Мониторингтік топ мүшелері алдағы уақытта өңірдегі барлық орта арнайы оқу орнындағы жатақханалар тү­гелге дерлік тексерілетінін тілге тиек етті.

 

Алматы облысы