Париж жазғы Олимпиада ойындарының басталуына 158 күн қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылған Олимпиада ойындарына дайындық штабы өз жұмысын жалғастырып, медаль олжалайды деген спортшылардың дайындығын талқылады, деп жазады Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдерімен біріккен кездесу өтті.
Жиын барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Бүгінде Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 19 жолдама бар (садақ ату - 4, тас жолдағы велоспорт - 3, нысана көздеу - 5, қазіргі бессайыс - 2, бокс - 2, грек-рим күресі - 1, еркін күрес - 1, спорттық гимнастика - 1).
Жоспар бойынша 25 спорт түрі бойынша лицензиялардың санын 90-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Сондай-ақ жүлдеге үміткер 54 спортшыдан тұратын тізім жасақталды. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындалады. Бір сөзбен айтқанда - олар ештеңеге мұқтаж болмайды. Олимпиада алдындағы тестілік жарыстарға қатысу да маңызды екені тілге тиек етілді. Әр спорт түрінің жарыс кестесіне сәйкес, командалардың Парижге ұшып бару уақыты бекітіледі. Сонымен қатар ұлттық құрама формасының дизайны да бекітіліп, оны дайындау ерекше назарда болатыны айтылды.
Министрлік осы жылдың 17 сәуірінде бүкіл ел бойынша «Олимпиадаға 100 күн» іс-шарасын өткізіп, флеш-мобтар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланған Париж жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.