Отанымыздың астанасында өтеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім сапасын көтеруге, талантты балаларға қамқорлық көрсетуге көп мүмкіндік жасап келеді. Соның бір айқын дәлелі, өзінің арнайы Өкімімен Білім және ғылым министрлігі жанынан “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығын құруға ұйытқы болуы дер едік. Осы уақыт ішінде Отанымыздың дарынды балалары төрткүл дүниеде өтіп жатқан білім сайысына қатысып, жеңіс төрінен көрініп келді. Соның ең бастысы деп осыдан 51 жыл бұрын Румынияда тұңғыш рет оқушылар арасында математикадан болған халықаралық олимпиаданы атауға болады.
Бұл халықаралық математикалық олимпиада (ХМО) жыл сайын ірі мемлекеттердің бірінде, жоғары сынып оқушыларының арасында болатын білім жарысы. Оның негізгі мақсаты – төрткүл дүниеде өмір сүріп жатқан елдердің дарынды жастарын анықтап, оларды ынталандыру, математиктер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, әлемдік деңгейдегі оқу бағдарламалары мен оқыту тәжірибесінен ақпарат алмасуға мүмкіндік беру, математиканы жалпы ғылым ретінде дамытуға жағдай жасап, соған тірек болар жас ұрпақты баулу болып табылады. Бұл аталмыш олипиадаға біздің еліміз 1992 жылы бақылаушы ретінде қатысса, 1993 жылдан бері толық құқылы мүшесі болып есептелінеді. Бұл жарысқа Отанымыздан қатысқан 62 оқушының 8-і алтын, 17-сі күміс, ал 37-сі қола медальға ие болған. Осы олимпиаданы ұйымдастырудың басы-қасында жүрген “Дарын” орталығының директоры Т.Битуованың айтуынша, олимпиаданың біздің елде өтуіне мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, Отанымыздың жас дарындарының халықаралық математикалық олимпиадада жеткен жетістіктері ескеріліп, 2007 жылы олимпиаданы ұйымдастыру комитеті 2010 жылы болатын 51-ші білім сайысын Қазақ елінде өткізуге шешім қабылдаған екен. 2009 жылы Германияда өткен 50-ші олимпиадада Қазақстан ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет ең беделді интеллектуалдық сайыстың ту-эстафетасын қабылдап алған болса, енді, міне, осы олимпиадаға бір жылдан бері дайындық жүргізіп келеміз. Әлемнің барлық елдерінен 600-дей талапкер қатысады деп күтілуде. Ту-эстафетаны Отанымызға алып келгеннен кейін халықаралық олимпиаданы қарсы алу жөнінде арнайы он күндік белгіленіп, эстафета туы Президент Нұрсұлтан Назарбаев білім алған мектептен бастап таныстырылды. Қазір еліміздің барлық аймақтарында болған бұл ту олимпиада қарсаңында елордаға жеткізілді. Жақында халықаралық математикалық олимпиаданың консультативтік кеңесінің төрағасы, профессор Йозеф Пеликан елімізге келген еді. Білім және ғылым министрлігінде және өзге де мекемелерде болып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, Бурабайдағы “Балдәурен” оқу кешенінен, Алматыдағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оның жоғары дәрежеде ұйымдастырылып жатқанына дән риза екенін алға тартып, ең бастысы білім сайысының Тәуелсіздік сарайында ашылатынын білгенде талантқа құрмет көрсетудің үлгісі осындай болу керек, деп ағынан жарылды, – деді бізбен әңгімесінде орталық директоры.
Сүлеймен МӘМЕТ.