«Егемен Қазақстан» елордаға қоныс аударады екен» деген бейресми хабардың айтылғанына да біраз уақыт болған еді. Басылымның астанаға көшіп келуі әу баста 1998 жылдың жазына белгіленгені туралы да арагідік әңгіме қозғалып қалып жүретін.
Осыдан да шығар, Алматыдағы әріптестеріміз бен тамыр-таныстың кездесе қалған сәтте амандық-саулықтан соң алғаш сұрайтыны: «Астанаға қашан көшкелі жатырсыңдар?» болғаны да рас-тын. Енді, міне, «Егеменнің» 70 жыл тұрақты да құтты мекеніне айналған Алматысынан Астанаға ауысатыны сөзден шындыққа айналып, тіпті көшетін күні де белгіленіп қойған кез еді бұл.
Ақмолаға еліміздің елордасы мәртебесін беру туралы мәселе алғаш көтерілген кезде-ақ оны сан-саққа жүгіртіп, жоқты бардай, болмашыны дардай етіп көрсетуге тырысқандардың арамызда аз болмағаны белгілі. Болашақ астананың кескін-келбеті, орналасқан жері, табиғаты мен ауа райы хақында сол шақта небір жеңіл сөздердің желдей ескені де ешкімге құпия емес. Дегенмен тарихи шешім жасалып, бұрынғы Ақмола, бүгінгі Астана Қазақ елінің бас қаласына айналды. Үлкен көштің соңын ала бере «Егемен Қазақстан» да елордаға қоныс аударды.
Иә, уақыт деген неткен зымыран еді. Шағын контейнерге салған аздаған жүгімізді алдын ала аттандырып жіберіп, өзіміздің шағын ғана қол сөмкемізбен Алматыдан Ақмолаға атойлап жеткеніміз күні кеше ғана сияқты-тын. Арада зу етіп ширек ғасыр уақыт өте шығыпты. Өткен жылдар бедерінде газет те мазмұндық, дизайндық жағынан айтарлықтай өзгеріске ұшыраса, қызметкерлері де басылыммен бірге жаңарды, жасарды. Заман талабына сәйкес шет тілін жақсы меңгерген жаңа буын пайда болды. Сол кезде газетпен бірге көшке ілескен біраз ағаларымыз зейнет демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көріп жатса, тіршілік заңымен арамыздан тым алыстап кеткендері де аз емес.
...19 ақпанда Алматыда шығарып салу рәсімі өтті. Соншалықты үлкен бір дабыра салтанат ұйымдастырылған жоқ. Негізінен II Алматы вокзалына осында қалатын әріптестеріміз бен туған-туысқандар жиналды. Ал көшті сол кездегі бас редакторымыз, Президенттің үздік журналистерге берілетін сыйлығының тұңғыш лауреаты Ержұман Смайыл мен осыдан он шақты жыл бұрын ғана газетті басқарып, басылым беделін шырқау биікке көтерген, сөйтіп таралымын 200 мыңға жеткізген Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастап шықты. Бұл қай жағынан алып қарағанда да аса жарасымды тандем еді.
Астанада басылған алғашқы нөмір
«Егеменнің» үлкен көшке ілесетіні белгілі болған тұстағы, әсіресе әсем де ару Алматымен қоштасар сәттегі көңіл толқынысын, қимастық сезімін бір сөзбен айтып жеткізу, әрине, қиын. Көштің енді кері бұрылмайтыны ақиқатқа айналған шақта бұл сезім еселене түсті десек те, еш қателеспейтін шығармыз. Оның үстіне, «Жаңа Астана шын мәнінде қандай екен?» деген сан мағыналы сауалдың да көкейде кептеліп тұрып алғанын жасырудың жөні жоқ.
Сәл шегініс жасасақ, газет Ақмолаға көшеді екен деген сыбыс шыққалы кейбір журналистерден де маза кете бастады. Біреулері баратындар тізіміне ілікпей қаламын ба деп қорықса, екіншілері Алатау бөктеріндегі ару Алматыны аязы бет қарыған алыс Арқадағы Ақмолаға айырбастағылары келмей, екіұдай күй кешті. Баруға тәуекел еткендер қалғысы келгендерден басым болғанын да айта кетейік. Өйткені жастарды былай қойғанда, жасамыс журналистердің көбінде баспана жоқ еді. Ал елордаға бару бақыты бұйырғандарды жекеменшік пәтерлері күтіп тұрған болатын.
Провинциялық облыс орталығы санатындағы қарабайырлау шаһарға көшуге дайындықты еліміздің бас газеті ретінде «Егемен Қазақстан» да ерте бастады. Өйткені басылымның ерте ме, кеш пе, Ақмолаға ат басын бұратыны ақиқат еді. Себебі Үкіметтің астананы ауыстыру туралы қаулысы шыққаннан кейін негізгі мемлекеттік органдар Арқаға қоныс аударып үлгерген-тін.
1997 жылдың қараша айында астанаға «Егемен Қазақстанның» қазіргі бас редакторы Ғабит Мүсіреп бастаған үш адамнан тұратын алғашқы «десант» түсіріліп, олардың тұрмыс-тіршілігіне керекті барлық жағдай жасалды. Ең бастысы, Алматыда жатақханада тұрып келген қызметкерлерге бірден жайлы пәтерлер берілді. Соның алдында ғана Ақмолада басылымның тілшілер қосыны ашылып, 3–4 журналист осы жерден материалдар беруге кіріскен еді. Көп кешікпей сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың тапсырмасымен «Егеменнің» редакциясын толығымен көшіріп әкелу жұмыстары қызып жүре берді.
Әуелі газет бас редакторының сол кездегі бірінші орынбасары Еркін Қыдыр елордаға негізгі көштен жарты жыл бұрын қоныс аударып, тікелей көші-қон мәселелерімен айналысты. Ақмола облысының Целиноград ауданы әкімдігі өздері отырған екіқабатты ескі ғимаратты Астана қалалық әкімдігі мен Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеттің шешімімен редакцияға босатып беріп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Коммерция бөлімінің басшысы Рысбек Сәрсенбайұлының қоластындағы қызметкерлер қоныс аударатын әріптестеріне пәтерлер сатып алуға кірісті. Алматыдағы көші-қонға дайын отырған қызметкерлер енді «пәтерлеріміз қай ауданда екен, орталыққа жақын ба екен?» деген сыңайда қызығушылық таныта бастады. Мұны жаңа да жақсы өмірге ұмтылыстың бір көрінісі ретінде қабылдаған абзал.
Ақмолаға көшке ілесіп, әуелде мәшіңке, кейін компьютер басқан өрімдей жас қыздар да келген еді. Бұл Ерағаң – Ержұман Смайылдың қамқорлығының арқасында жүзеге асқан шаруа болатын. Сол қыздар бақытын да осы бас қаладан тапты. Бүгінде бір-бір үйдің отанасына айналып, ұрпақ өрбітіп отырған олардың Ержұман ағаларына алғыстан басқа айтары жоқ. Әйтпесе кезінде «мәшіңке басатын қыздарды Алматыдан шұбыртпай, жергілікті жерден-ақ табуға болатын еді ғой» деген күңкіл сөздер де арагідік айтылып қалып жүрді. Бірақ өмір бас редактордың шешімі дұрыс болғанын көрсетті. Бүгінде өсеміз, өркендейміз деп келген барша қызметкердің асқақ арманы орындалды деп нық сеніммен айта аламыз.
Сөз соңында Ержұман Смайыл 1999 жылдан дүниеден өткен 2018 жылға дейін тұрған «Самал» шағын ауданындағы үйіне ескерткіш тақта орнату жөніндегі ұсынысқа қалалық арнайы комиссияның дәл осы аязды ақпан күндері оң шешім шығарып беруі ерекше бір үйлесімнің нышанындай болып, бұдан ширек ғасыр бұрынғы оқиғаны айна-қатесіз көз алдымызға әкелген еді. Қара шаңырақ басылымымыз өсіп-өркендей берсін, оқырманы көп болсын!