Еліміздің цифрлық саладағы жұмысы жыл сайын жақсарып келеді. 2022 жылы IMD цифрлық бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингінде еліміз 64 мемлекеттің арасында 36-орынды иеленсе, былтыр екі сатыға көтеріліп 34-орынға шықты.
IMD Digital Competitiveness Ranking – таңдалған 64 елдің бизнестегі, үкіметтегі және жалпы қоғамдағы экономикалық өзгерістердің негізгі факторы ретінде цифрлы технологияларды енгізу және пайдалану қабілеті мен дайындығын сараптайды. Зерттеуге сәйкес WDC рейтинг әдістемесі цифрлы бәсекеге қабілеттілікті үш негізгі фактор – білім, технология, мемлекеттің болашаққа дайындығы бойынша анықтайды.
Бұл бәсекеде АҚШ, Сингапур, Нидерланд, Швейцария, Дания, Финляндия, Корея Республикасы, Жаңа Зеландия, Исландия мемлекеттері көш бастап тұр. Айта кетейік, еліміздің Ұлттық даму жоспары бойынша 2025 жылы әлемдік цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 33-орынға көтерілуге тиіспіз. Қазіргі қарқынымызды жоғалтпасақ, ол да алыс емес.
Кейінгі жылдары еліміз цифрлық даму саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Жалпы, бұл үрдіс бізде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Оның бірден-бір себебі – пандемия. Карантин уақытында барлық елде электронды үкіметтің жұмысы жандана түсті. 2018-2022 жылдар аралығында электрондық үкіметтің дамуында, әсіресе пандемияға дейінгі және бүгінгі кезеңдегі деректерді салыстырып қарасақ едәуір өзгерістер бар. Сovid-19 пандемиясы кезінде әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларындағы қызметтер біршама оңтайландырылды. Содан бері мемлекеттік секторда цифрлық технологияларды жан-жақты жетілдіру үдерісі әлі де жалғасып келеді.
БҰҰ-ның электрондық үкімет сауалнамасына сәйкес, 2022 жылы электрондық үкімет саласындағы көшбасшылардың ондығына Дания, Финляндия, Корея Республикасы, Жаңа Зеландия, Исландия, Швеция, Аустралия, Эстония, Нидерланд, АҚШ мемлекеттері кірген. Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында да осы мақсаттарға инвестиция салатын аймақ аумағындағы көшбасшы мемлекеттер бар. Оның бірі – Қазақстан. Еліміз 28-орында. Рейтингті анықтауда мемлекеттердің «цифрлық дамуға» қол жеткізудің нақты жоспары, міндеттемесі, қолжетімділігі, қызмет көрсету сапасы, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығының сақталуы ескерілген.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, өткен жылы қызметтердің 93 пайызы электрондық түрде көрсетілген.
«2022 жылмен салыстырсақ, тек смартфон арқылы алатын қызметтердің саны былтыр 6 есе өсті. Kaspi, Halyk сияқты танымал қосымшаларда 50-ден астам қызмет көрсетіледі. Олардың саны 33 миллионға жетіп, 3 есе өсті. Біз проактивтік қызметтерді де дамытып жатырмыз. Проактивтік қызмет – азаматтардың жүгінуін күтпей, айтқызбай, мемлекеттің өзі ұсынатын қызметтер. Олардың түрі 40-қа жетіп, саны 2 млн-нан асты. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде онлайн-сервис көрсету жағынан Қазақстан дүние жүзінде 8-орында. Ал «Электрондық үкіметті» дамыту бойынша 28-орындамыз. Әрине, біз мұнымен қанағаттанып қалмаймыз. Жұмысты одан әрі жетілдіре береміз», дейді министр.
Иә, үкімет цифрлық экономиканың дамуын жеделдетіп, өнеркәсіптің барлық саласына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бағдат Мусин атап өткендей, цифрландыруды қолданысқа кеңінен енгізген саланың бірі – банк секторы. Бұл – елдегі ең озық әрі барынша цифрландырылған сала. Ірі банктер цифрлы платформаларды, онлайн – банкингті және мобильді қосымшаларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл қаржы операцияларын мүмкіндігінше қолжетімді әрі клиенттерге ыңғайлы етеді. SimilarWeb порталының мәліметінше, Halyk Bank, Kaspi.kz, B-Bank қосымшалары еліміздегі үздік банк қосымшалары саналады. Одан кейін құрылыс саласы да қызметтерді цифрлық форматқа көшіріп отыр. Айталық, бір ғана «BI Group» компаниясының өзі айтарлықтай нәтиже көр-сетті. Құрылыс компаниясы прогрессивті стандарттарды енгізе отырып, жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласындағы өнімдер мен қызметтердің сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналды. Көптеген қызмет big App мобильді қолданбасында қолжетімді. Қолданба компания клиенттеріне жылжымайтын мүлікті іздеуден бастап тұрудың жайлылығын арттыруға дейінгі онлайн қызметтерді ұсынады. Сондай-ақ сатылымдар мен жарнамалардың басталғаны туралы, тұрғын үйлер жайында және тағы да басқа ақпараттар беретін жаңалықтар лентасы бар. Бұған қоса қажетті құжаттар өтінім бөлімінде қолжетімді. Тұрғын үй мен пәтер қызметтеріне өтінім беру, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, онлайн дауыс беру, тұрғын үй шығыстары туралы есептердің бәрі онлайн. Осы қатарға жеткізу саласын да қосуға болады.
Digital Competitiveness Ranking мәліметінше, табысы жақсы елдер рейтингте жоғары тұр. Сәйкесінше ең соңғы орында кедей мемлекеттер орналасқан. Яғни цифрлық дамуда халықтың әлеуметтік жағдайы, білімге қолжетімділік, цифрлық сауаттылық маңызды рөл ойнайды. Қазіргі кезде табысы төмен және орташа табысты елдерде қала мен ауыл арасында теңсіздік бар. Бұл біздің елге де қатысты. Өйткені қалалық жерлерде цифрлық қызметтер қолжетімді болғанымен, ел аумағында әлі күнге дейін интернетпен қамтамасыз етілмеген қаншама елді мекен бар. Рейтингіміз жақсарса да, олар цифрландырудың игілігін көріп отырған жоқ. Сондықтан қазіргі кезде дәл осы мәселені шешу – ең үлкен қажеттілік.