Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сатирик қаламгер Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Бұған дейін оқырманға бірнеше жинақ тарту еткен жазушының жаңа кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрген. Шығарманың негізгі арқауы қоғам дертіне айналған жемқорлық тақырыбына арналған.
Кеш тізгінін ұстаған Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан қаламгер шығармашылығына тоқталып, оның сатира жанрында өнімді еңбек етіп жүргенін жеткізді.
«Сатира – қиын да күрделі жанр. Сондықтан оған қалам тербейтіндер сирек. Мәселен, Қазақ әдебиетінде сатиралық роман жазған Садықбек Адамбековтен бастап Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжехметұлы, Көпен Әмірбек, Үмбетбай Уайдин секілді ардақты ағаларымыз осы жанрды бір биікке көтерді. Осы сатира саңлақтарының жолын сәтті жалғаған қаламгердің бірі – Қанағат Әбілқайыр. Оның әр шығармасын оқырмандар іздеп жүріп оқиды. Бүгінгі тұсауы кесілген жинағында қоғамның келеңсіз көріністері көркем бейнеленген», деді ол.
Одан кейін сөз алған Берік Садыр, Бауыржан Бабажанұлы, Дәулеткерей Кәпұлы және тағы басқа да қаламгерлер автордың туындысы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, ізгі лебіздерін білдірді.
Белгілі сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік сатиралық жанрда көркем шығарма жазу екі суреткердің бірінің қолынан келмейтінін тілге тиек етті.
«Менің ұғымымда әдебиет деген білім, ізденіс қана емес, ол – тазалық, адамгершілік, парасаттылық. Міне, осы үш қасиет Қанағаттың бойында бар. Өзім оның туындыларын үзбей оқимын. Проза жазу оңай емес. Соның ішінде оқырманды күлдіретін сарказммен жазу қиын. Бірақ сол қиындықтан қорықпаған қаламгердің шығармалары шынайы, шыншыл жазылған», деді сыншы.
Кеш соңында Қанағат Әбілқайыр өз шығармашылығы туралы аз-кем сөз қозғап, жиналғандарға ризашылығын білдірді.