• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Депозит 21 Ақпан, 2024

Зейнетақы ақшасына баспана алу тәртібі өзгереді

8913 рет
көрсетілді

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланудың қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Ұсынысқа сәйкес, «Отбасы банк» депозиттерінде біржолғы зейнетақы төлемдері қаражатын жинақтау мерзімі 3 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылмақ.

Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 135 мыңға жуық азамат өз қаражатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен (бұдан әрі – БЖТ) «Отбасы банк» АҚ депозиттеріне аударды және осы уақытқа дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ресімдеген жоқ.

«Отбасы банк» АҚ ақпараты бойынша тұрғын үй заемын алу үшін қажетті бастапқы жарнаны жинақтаудың орташа мерзімі алты жылды құрайды. Осыған байланысты, министрлік азаматтардың тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсарту мақсатында «Отбасы банк» АҚ депозиттерінде БЖТ қаражатын жинақтау мерзімін 3 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтуды ұсы­нады. Сонымен қатар ерлі-зайып­ты­лар­ға «Отбасы банкі» АҚ депо­зиттерін бір-біріне БЖТ қара­жа­тымен толықтыруға мүмкіндік беру ұсынылады.

Сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ-мен тұрғын үй құрылысы жинағы туралы шарт бұзылған кезде БЖТ-мен толықтырылған сома алушының арнайы шотына қайтарылады. Ол 20 жұмыс күні ішінде осы қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады немесе біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына сәйкес емделу мақсатында қолдануға құқылы.

Тұрғын үй жағдайларын жақ­сарту үшін біржолғы зей­нетақы төлемдерін пайда­лану­дың қолданыстағы ереже­ле­ріне жоспарланған түзетулер НҚА ашық деректер порталында тал­қы­ланып жатыр. Барлық ескерту мен ұсыныс қа­был­данғаннан кейін бұйрық жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі. Келісу үдерісі шамамен екі айға созылады.

Айта кетейік, біржолғы зейнет­ақы төлемдеріне арналған арнайы шот – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алушы ашатын ағымдағы банктік шот.

БЖЗҚ-дағы қаражаттың ар­­­тыл­ған сомасын шешіп алу мүм­­кіндігі 2021 жылдың қаңта­рынан бастап берілді. Азаматтар жеткілікті шектен асқан соманы үш мақсатқа жұмсай алады – тұрғын үй жағдайын жақсарту, емдеу ақысын төлеу және инвес­ти­циялық компаниялардың басқаруына беру. Бірақ сол жыл­дың желтоқсанында жеткілік­ті­лік шегі жоғарылап ке­тіп, көп адам бұл мүмкіндікті пайдаланудан қағылды. Одан кейін шектен асатын соманы «Отбасы банктегі» депозитке аударуға рұқ­сат етілді.

2021 жылдан бері зейнетақы қорынан алынған 3,3 трлн теңге тұрғын үй сатып алуға жұм­сал­ған. Жалпы, 1,4 млн өті­нім бе­ріл­ген.