• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 21 Ақпан, 2024

Тұқым тапшылығы болмаса игі

130 рет
көрсетілді

Ақмола өңірінде көктемгі дала жұмыстарын тиянақты атқаруға қажетті тұқымның жетіспеушілігі қолбайлау болатын түрі бар. Жер емшегін емген диқандардың ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп айтатын уәжі – гектар берекесін арттыру ең алдымен сапалы тұқымға байланысты.

Бір алқаптағы бидай бес түрлі

Өңір диқандары биыл 5,4 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Өткен жылмен салыс­тырғанда, егістік көлемі 4,8 мың гек­тарға қысқарған. Майлы дақыл­дар­дың егістік көлемі 196,8 мың гектарға жеткізілмек. Мал азығы 340 мың гектар алқапта өсірілмек. Сон­дай-ақ картоп, көкөніс өсіру де жос­­пар­­ланған. Бүгінде ең басты мә­селе – тұқым тапшылығы. Арқа­ны кең­­ге салатын уақыт та тапшы. Жыл­да осы уа­қытта үлкенді-кішілі шаруашы­лық­тар тех­никасын сайлап, тұқымын қам­дап, бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп қоятын.

Тұқым тапшылығының неден туындағаны белгілі. Былтырғы ауа райы диқандар үшін мүлдем қолайсыз болды. Ерте көктемнен бастап жаз ортасы ауғанша аспаннан нәр тамбады. Егін көтеріліп, көктемей қалды. Есесіне күз бойы жауыннан көз ашпадық. Не нәрсе көп болса, сол зиян. Жаз бойы жауынға зәру болған диқандар күзгі нөсерден көрешекті көрді. Ақырында егін піспей, піскені сапалық деңгейге көтерілмей жапа шектірді. Зордың күшімен жинаған астық бағасы да көңіл көншітпеді. Себебі, қамбаға жиналған азды-көпті астықтың дені бесінші сұрыпты, мал азығына жарайтын ғана деңгейде еді.

Бүгінде өңірдегі шаруа­шы­лық­­тарға 536,8 мың тонна тұқым қажет болса, қазір 435,6 мың тонна тұқым бар. Яғни, 81 пайызы ғана. Оның өзі күмәнді. Түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік, кәдімгі тұқым шаруа­шылықтарында бары 20 мың тоннаға жуық. Ал «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның қоймаларында 233 мың тонна шамасында.

– Корпорация қамбасында ас­тық­тың бары рас, – дейді Зе­ренді ауданындағы «Қараөзек» серік­тестігінің басшысы Нартай Ысқақов, – Бірақ ол қандай тұқым болады? Күздің күні корпорацияға тұқым емес, астық тапсырдық. Өзім шаруашылығымда бидайдың бес сұрпын егемін. Оның ішінде ерте пісетіні бар, кеш пісетіні бар. Сабағының жуаны, жіңішкесі, қысқасы, биігі деген тәрізді, әр­түр­лі бидай. Жалғыз мен ғана емес, барлық шаруашылықтың тап­сырған бидайы осындай. Енді осы бидайды тұқым қылып ексек, бір алқаптағы бидай бес түрлі болып өседі. Біреуі ерте, біреуі кеш піседі. Айналып келгенде, әйтеуір егін егіп жатырмыз деп, өзімізді өзіміз алдаған сияқты болып шықпай ма?

 

«Бидай бағасын болжай алмайсың»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңей­тілген отырысында сөй­леген сөзінде «Ауыл шаруашы­лы­ғының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қа­жетті қаржының жеткілікті бөлін­беуі. Инвестицияның тап­шы­лығы тех­ни­каның тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүм­кін­дік болса, екі есе арттыру қа­жет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банк­терден қаражат тартқан жөн» деген болатын. Президент ауыл шаруашылығындағы түйткілді тап басып айтып отыр. Жақсы ауда­нындағы «Саржан» шаруа қожа­лығының басшысы Қайрат Кеңесовтың уәжі де осы сарында.

«Облыста да бөлініп жатқан субсидияның жайын өзіміз алып көрмесек те, жақсы білеміз. Соңғы бес-алты жылда не егін шаруа­шылығына, не мал шаруашы­лы­ғы­на бір тиын субсидия ала алмай отырмыз. 687 гектар егістік алқабым бар. Жыл сайын бидай, арпа егемін. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығынан тұқым жинай алмадық. Қазір Қостанай облысының тұқым шаруашылықтарымен келісім жасап жатырмыз. Бір тәуірі, азын-аулақ малымыз бар. Былтырғы несие­ден малымызды сатып құ­тыл­дық. Екі саланың бірін алға жыл­жытсақ, екіншісі кері кетеді. Қарыз болған жаман ғой, өз төлі есебінен өсіріп отырған малымызды сатудан басқа лаж жоқ», дейді шаруа қожалығының басшысы Қайрат Еңсебайұлы.

Субсидия тимегеннен кейін жер өңдеуге де кесірін тигізеді. Бұл арада айта кететін бір жай – жер құнары. Уақтылы агро­тех­никалық шараларды тыңғы­лықты өткізіп, жердің құнарын сақтамай тағы болмайды. Алайда қаржының жетімсіздігінен ұсақ шаруашылықтар үшін мұндай мәндегі іс оңайлықпен жүзеге аспайды. Күш жетімсіз, қаржы тапшы.

Кейбір шаруашылық басшылары көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржының кешеуілдеуіне алаңдаулы. Қолдарында қаржысы болмағаннан кейін қажетті тұқымды да ала алмай отыр.

– Міне, көктем де келіп қалды, – дейді серіктестік басшысы Нартай Ысқақов, – Тұқым баға­сы әртүрлі. Сапалысы әрине, қымбат. Шаруашылық басшылары алдағы жұмысын жоспарлай алмай отыр. Негізі егін шаруашылығы ешбір жос­парлауға болмайтын сала ғой, қазір қыруар қаржы жұмса­ға­ның­мен күзде бидай бағасының қаншалықты болатынын ешкім де болжап айта алмайды. Мәселен, құрылысшылар өздері құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан аумақта әр шаршы метрдің бағасын біледі емес пе, осыған орай жұмысты аяқ­таған соң табысын да болжай алады. Ал, біздің жұмыстың тәуекелі көп.

 

Тозған техника да тексерілсе...

Кеңейтілген отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруа­шылығы техникаларын уақ­ты­лы жаңартып тұруға да назар аударған болатын. Барлық жерде бірдей орын алып отырмаса да, ішінара қысқа жіптің күрмеуге кел­­мейтін көрінісі әлі де бар. Оты­рыс­та Президент «Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады», деген болатын.

– Өте орынды сөз, – дейді агроном Бауыржан Молдағалиев, – Қазір ұсақ шаруашылықтарда ке­шегі кеңес заманында пайдала­ныл­ған техникалар жүр. Гектар бе­ре­кесін арттыруға көне техни­каның кесірін тигізіп жатқандығын көзімізбен көріп жүрміз. Бұрын «Нива», «Енисей» комбайндарын үш-төрт маусымға ғана пайдаланатын, К-700 тракторы да жеті-сегіз жылдан кейін ауыстырылып отырылатын. Біз отыз жыл бойы өкпесі өшкен, құр қаңқасы қалған, өзін-өзі әзер сүйрейтін көне техникаға иек артып келеміз. Мәселен, тұқым себетін агрегат әбден ескірген. Бір шеті тұқымды сегіз-тоғыз сантиметр­­­ге сіңірсе, майысқан екінші шеті екі-үш сантиметрге ғана сіңіреді. Нәтижесінде, дән біркелкі болып көктеп шықпайды. Топыраққа сіңірілген дәннің бойында өнгіш­тік күші деген ұғым бар. Тым тереңге түскен тұқым топырақты тесіп өтіп, көктеп шығуға қуаты жете ме, жоқ па? Ал екінші жағы ерте шығады. Міне, осылайша ала-құла егілгендіктен, гектар берекесі ойдағыдай болмайды. Оның үстіне егіншілік мәдениетін сақтауға, технология тәртібін ойда­ғы­дай атқаруға мүмкіндік тапшы. Көненің аты көне, дәл керек қуа­тында сынып қалуы әбден мүмкін. Диқандар арасында «көктемнің бір күні жылға азық» деген қанатты сөз бар. Егер науқан кезінде бір техника істен шықса, бір тәулікте елу-алпыс гектар жерің егілмей қалады. Уақытында отырғызылмағандықтан, өнім көлемі де азая түседі. Қазіргі күні көнетоз көлікке айып салынады деген әңгіме айтылып жүр ғой. Ол қаланың ішіндегісі, ал қырдағы егістік алқап­та тозған техника ит-ырғын. Олар­дан экологияға қаншалықты зиян ­келіп жатқандығын кім есептеп жатыр? Ауаны ластаған қара түтіні, топыраққа төгілген майы қып-қызыл зиян емес пе? Ертеректе диқандар өз танабын ғана емес, көрші танаптың да уақытында өңделіп, арам шөптен ада болуын қадағалайтын.

Дала сырын көкірегіне құй­ған агрономның айтуы ып-рас. За­манында аты аңызға айнал­ған даңғайыр диқан, Социа­листік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбіл­пейі­сов­тің бас­тамасымен «Көрші танабың – өз танабың» атты бас­тама көтеріліп еді. Бәлкім, жаңа­дан ештеңе ойлап табудың да қажеті жоқ шығар. Бұрыннан бар, тиімділігіне көзіміз әбден жеткен дүниелерді қайта жаң­ғырт­сақ жетіп жатқан сыңайлы.

 

Қағаздағы көрсеткіш тығырықтан шығара ма?

Ал тікелей тақырыптың өзіне оралсақ, тұқым мәселесі өте өткір күйінде. Бар дегеніміздің өзі «Қара­өзек» серіктестігінің басшысы айт­қан­дай, әлденеше сұрып, мипалау болып араласып кеткен астық. Қасқалдақтың қанындай қат болған соң бағасы да өсе түс­кен. Қайрат Кеңесовтің айтуынша, қазір жақсы тұқымның бір тон­насы 200 мың теңгенің шамасында екен.

Кейбір шаруашылық басшы­ла­рының айтуына қарағанда, тұқым шаруа­шылықтары сапалы тұ­қым­ды алыс-жақын шетелден сатып ал­ғаннан кейін өз шаруа­шы­лық­тарын­да өсіріп, үш-төрт маусым пай­даланады. Тұқым­ның өнгіштік қуаты деген бар. Үш-төрт рет егіл­геннен кейін әрине, әлгі қуат солғын тартады. Мәселен, 100 тонна тұқым әкелсе, егіп, 200 тоннаға жеткізеді. Келесі жылы 400 тонна. Содан кейін барып қана сатады. Бұл уақыттың ішінде тұқымның өнгіштік қуаты азаяды. Гектар берекесінің төмендеуінің бір себебі осы тәрізді.

Дәл қазір шаруашылық басшылары тұқым тапшылығынан зардап шекпесек игі еді деп алаңдаулы. Қағазда қатып тұрған көрсеткішке сенсек, тығырықтан шығар сәл де болса қор бар тәрізді. Бірақ оның жайы жоғарыдағыдай. Мемлекет тарапынан көрсетілген қыруар көмек, көп қаржының қайтарымы болуы үшін алдымен осы мәселе оңынан шешілсе дейсің.

 

Ақмола облысы