• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Заң 21 Ақпан, 2024

Енді педофилдер мен жас баланы өлтірген қылмыскерлер өмір бойына қамалады

247 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының жолдауда жүктеген тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді, деп жазады Egemen.kz.

Заң жобаларына зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қосылды.«Біріншіден, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК дейін айыппұл түріндегі жаза не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу, ұрып-соққаны үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу», деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Жаңадан енгізілген нормалар негізінде кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның «бас бостандығын шектеуге» қатысты балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмақ.

Жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылады.Депутаттар педофилдер мен жас баланы өлтірген қаскөйді қылмыстық жазаға тарту тетігін қатаңдату мәселесін бірауыздан қолдады. Нәтижесінде, енді балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскер мен оларды өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Заң жобасын талқылағандар кәмелетке толмағандарға қатысты немесе отбасында әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолдану туралы іс-шараларды да ортаға салды. Атап айтқанда, қамауда отырған қылмыскерге сот шешімі бойынша психологиялық көмек көрсетілуі мүмкін.