Жуырда Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы А.Жексембеков атындағы орта мектепте «Тұлғаға тағзым –тәуелсіздік тартуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі Жауынбай Қараев, Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ержан Жиренбай, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысты.
Аталған ауыл мектебі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет арасында өзара меморандумға қол қою рәсімімен басталған мазмұнды шара барысында «Педагогикалық өлшемдер» зертханасы ашылды.
«Мектебіміздің биылғы басты жаңалығы – Абай атындағы ҚазПҰУ-мен бірлесіп «Педагогикалық өлшемдер» зертханасын ашып отырмыз. Бұл жобадан үлкен үміт күтеміз. Себебі осы университеттің ғалымдары мұғалімдерімізге педагогикалық қолдау көрсетіп, ғылыми-практикалық жұмыстарға жетекшілік ететін болады. Сабақ өту офлайн және онлайн форматта жоспарланған», деді мектеп директоры Гүлбақыт Қасымжанова.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі Жауынбай Қараев білім беру мәселесі қай кезде де өзекті екенін, еліміздегі барлық мектептің 75 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқанын, түптеп келгенде, орта білімнің деңгейі ауыл мектептерінің жалпы жағдайына, білім сапасына тікелей байланысты болатынын сөз етті.
«Бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 800 мектеп салынатын болса, соның 400-і биыл жүзеге асады. Осы жаңа мектептерге мұғалімдерді сапалы дайындау мақсатында біз, 10-11-сыныптан бастап, осы мамандыққа ерте жастан баулитын педагогикалық сыныптар ашуды мақсат етіп отырмыз. Бұл қадам өңірлік педагогтердің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға практикалық орталыққа айналуға, жайлы заманауи мектеп құруға және оқушылардың білім беру нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков.
Мектепте ашылған ғылыми-практикалық зертхананың филиалы ұстаздар біліктілігін арттырып, оқушыларға жаңа бағытта білім беруге жол ашады. Бұл мұғалім сапасын жақсартумен қатар, тапшылығын жоюға да септігін тигізеді.
Алматы облысы