Елордада қалың қар жауып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты колледж студенттері қарт кісілердің ауласын қардан тазалап беріп, «Игі істер марафоны» дәстүрлі акциясын өткізді.
Акцияның мақсаты – қарттар мен ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындарына көмек көрсету. Шарапаты мол іс-шараға 50 колледж студенті атсалысты. «Колледж студенттері мен түлектері қауымдастығының заңды тұлғалар бірлестігінің» төрағасы Аңсар Қайыржановтың айтуынша, бұл акция жыл сайын өткізіледі.
– Біз ауа райының қолайсыздығына қарамастан, коммуналдық қызметшілерге жиі көмектесеміз. Сонымен қатар оларға ыстық шай және түрлі тәттілер таратамыз. Елордалық жастар ұйымдарын «Игі істер марафонына» қатысуға шақырамын, – деді ол.
Сонымен қатар елордалық еріктілер көшелердің қарын күреп жүрген коммуналдық қызмет мамандарына жылы шарфтар тоқып берді. Осынау іс-шараға әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева көмекке келді.
«Бұл алғашқы қайырымдылық акция емес, бұған дейін бізде «Құрақ-көрпе» стиліндегі эко-шырша құру жобасы болған. Осылайша, біз барлық тұрғындар мен кәсіпкерлерді жақсылық жасауға шақырамыз», деді Р.Мұқышева.
Бір ай бойы 6-70 жас аралығындағы қала тұрғындары 100-ден аса жылы шарф тоқыды. Қайырымдылық акциясына 70-ке жуық ерікті қатысты.
«Бізге жылы шарфтар үлестірді. Бұл, әсіресе, аязды күндері қажет. Қамқорлық танытып, қолұшын созып жатқан еріктілерге алғысымыз зор», деді жол қызметкерлерінің бірі Қайрат Ахметов.
«Өзгенің иығына жапқан шапан, өзіңнің де жүрегіңді жылытады» дейді ежелгі даналық. Ендеше, қайраты ыстық, ақылы нұрлы, жүрегі жылы жастарымыздың ісіне игілік тілейміз.