• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Ақпан, 2024

Ұрпаққа үлгі көрсету – парыз

381 рет
көрсетілді

Қазірде халқымыздың құқықтық сауаты арта түскенін биліктің өкілдерінің кері байланысқа шығып, үнемі атқарылып жатқан жұмыстарымен таныс­тырып отыруынан, жұртшылықтың дер кезінде тың ақпараттар алып, құқыққа сай әрекет ете білуінен байқауға болады. Бұл Президентіміздің: «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» деген ойын айшықтай түскендей.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қаңтар қасіретіне қа­тысты білдірген көзқарасы үлкен ма­ңызға ие. Президент сұхбатында қаң­тар оқиғасының орын алу себептерін нақ­тылап берді. Барлық айтылған ойларынан қаңтар оқиғасының астары өте тереңде жатқандығын бағамдауға болады.

Адвокат ретінде бірқатар бейбіт тұрғындардың, кейбір күдіктілердің заңды мүддесін қорғағанымда, біршама жайттарды іс материалдарындағы тергеушілердің көркем әдебиетшідей шебер сипаттап, оны көшіріп, басқа істердің материалдарына қоса беретін­дігі мені таң қалдырғанын жасыра ал­маймын. Себебі күдікті деп тану туралы екі-үш беттен тұратын қаулы болса, соның жарты парағы ғана тиісті күдіктіге қатысты әрекеттер, қалғаны жалпы көшірме сипаттау сөздері еді. Заң құжаттары нақтылықты талап етеді. Тіпті кейбір істе бірін-бірі мүлдем танымайтын, топтың арасында жәй жүрген адамдарды, қол телефоны сигналдары өзара жақын жерлерден тартқан азаматтарды бір топ құрды деген желеумен ұстап, оларға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп, сотқа жеткізген істер де бар. Тіпті ұстап әкелген адам оларды шынымен де танымайтынын, жол-жөнекей қосылғанын айтып тұрса да, «қамаймыз» деп қорқытып, қысым жасауға әрекеттенген кездер де болды.

Осы ретте біз нағыз күдіктілер мен басым көпшілікке ере шыққан қарапайым халық өкілдерін ажырата білуіміз керек. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кебін кимес үшін қаңтар оқиғасына қатысты деп күдік келтірілген біраз адамдардың істеріне осы тұрғыдан мән берген абзал. Бұл мәселеде Президенттің «Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдауы арқылы сол ортада қызуқандылықпен, бұзақы топқа ілесіп құқық бұзғандарға қатысты жазаны жеңілдетуге жол ашты.

Айта кету қажет, қаңтар оқиғасы іспеттес ауқымды құқық бұзушылық­пен күрес жүргізудегі құқық қорғау органдарының қызметі де бұл тұста үлкен сынға түсті. «Біреу тойға айналғанда, кейбіреулердің қойға бас салғаны» да жоқ емес. Оның бағасы уақыты келгенде беріле жатар. Сол кездегі күрделі ахуал­дан да өткен мемлекетіміз бен халқы­мыздың болашағы жарқын боларына сенемін. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» мәселелер тек бейбіт алаңдарда, мәдениетті түрде шешілуге тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейі де сол қаңтар оқиғасы кезінде қылаң бергенін жасыра алмаймыз. Дегенмен қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетіміз көп жылға есейді.

Бүгінде халықтың қаржылық сауат­тылығы мәселесі де өзекті. Сұхбатта сөз болған «халықтың қарызға батуына» байланысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан тың шаралардың нәтижесі осы жолғы Үкімет басшысынан күтетін жақсы бастамалардың бірі болатынын айта кеткен жөн. Орта буыннан жас буын сабақ алатыны заңдылық десек, біз еңбекқор, білімпаз, кәсіби, адал, бастамашыл, мейірімді, қарапайым қасиеттерімізбен «елім десе еміреніп тұратын» болашақ ұрпаққа үлгі көрсете білуіміз керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, әрбір отбасы өз құндылықтарын арттыра отырып, әділетті Қазақстанның шаңырағына бір-бір мықты уық болып қадалуы керек.

 

Роза ӨМІРТАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы