Табиғаты көркем, шұрайлы аудандарды туризмі дамыған аумақтардың қатарына қосу үшін алдымен инфрақұрылымды жаңартып, қызмет көрсету сапасын жетілдіруге көңіл бөлу қажет. Бұл қағиданы туризмге таптырмайтын аудандардың басшылары жақсы білгенімен, берік ұстана бермейді. Әйтеуір, кейінгі жылдары ел үкіметі туризм саласындағы инвестициялық жобаларға басымдық беріп, кәсіпкерлерді мемлекеттің қолдау шараларынан қалыс қалмауға шақырып отырғаны қуантады. Енді осы игі бастамалар уақыт сәтімен жемісті болса жарар.
Ішкі туризм мен сыртқы туризмнің үлесі
Бірінші кезекте туристік аймақтарда интернет жылдамдығы жоғары әрі демалыс орындарына апаратын автожол стандарттарға сай болуы керек. Визалық көші-қон режімін жетілдіріп, курорттық аймақтарға қатынайтын әуе рейстердің жиілігін арттыруды естен шығармаған жөн. Бұл тұста демалыс аймағындағы қызмет көрсету сапасын күшейтіп, айшықты нысандарды, ұлттық-рухани дүниелерді, тағысын-тағы артықшылықтарымызды қонақтарға дұрыс таныстырып, ұсына білу – оңай шаруа емес. Туризмнен табыс тауып отырған кәсіпкерлер жыл он екі ай қызмет көрсете бермейді. Ол аздай карантин кезінде туристер ағыны төмендеп, кәсібін ауыстырғандар көбейді. Күтпеген өзгерістерге дайын болып, ерте қамданғандар тұрақтылықты сақтап қалды. Есесіне, қазір елге келетін туристер ағыны қайта көбейе бастады. Карантиннің салдары ауыр болғанымен, сол кездегі өзгерістер ішкі туризмнің өрістеуіне белгілі бір деңгейде әсер етті. Былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша 5,4 миллионға жуық азамат ел ішінде саяхаттаған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 550 мың адамға артық. Шетелден келетін туристер ағынында да өсім байқалған. Былтыр 9 айда бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Осының есесіне қонақүйлер, демалыс орындары, жатақханалар және басқа да кәсіпкерлік нысандары 175 млрд теңгеден аса табыс тапқан. Бұл кірісті алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36% артық сомма шығып тұр.
Былтыр ашықтық саясаты туризмнің дамуына оң ықпал ететінін байқатты. Нақ қазір әлемнің 82 елімен визасыз режім бекітілген. Бұл қатарда туристік нарығы әлеуетті Қытай, Үндістан бар. Осы елдерден келетін туристердің өсімі байқалады. Былтыр қарашадан бастап Қытаймен арада визасыз режім енгізілгелі Қытайдан келетін қонақтар саны 12 есе өскен. Сол секілді Үндістаннан келетін қонақтардың саны үш есе ұлғайғаны байқалады. Статистика көрсеткендей, саладағы оң динамикаға қарамастан, елге сапарлауды жөн көрген туристер бірді-екілі қиындықтарға тап болып жататыны бар. Қуантарлығы, осы мәселелерге ел Үкіметі, Туризм және спорт министрлігі назар аударып, шешімін табуға күш салып келеді.
Мемлекет кәсіпкерлерді ынталандыру шараларынан шет қалып отырған жоқ. Мысалы, былтыр туроператорлардың қызметін субсидиялауға, құрылыс нысандарына, аттракциондарға өтемақы берілген. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына қабылданған өтініштердің саны 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе өсіп, 800 млн теңгеге жеткен. Жуырда Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Ермек Маржықпаев туризмді дамыту ісіндегі басым міндеттерді, былтыр іске асқан жобаларды екшелеп айтып берген еді.
– Былтыр инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты жалпы құны 131 млрд теңгеге 33 жоба іске асты. Қазірде 289 млрд теңгеге 70 жоба үйлесім тапты. Маңызды жобалардың ішінде «Жылы жағажайдың» туристік объектілерін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған «Каспий» тұщыландыру зауытының қуаттылығын арттыру жобасын атап өткім келеді. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы объектісіне, Атырау қаласындағы Сарайшық қалашығына және Ұлытау облысындағы Жошы хан кесенесіне дейінгі жолдарда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл мәдени-туристік нысандардың қолжетімділігін айтарлықтай арттырады», – деп баяндады Е.Маржықпаев.
Туристік әлеуеті жоғары аудандар нақтыланады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, туристік әлеуеті жоғары аумақтардың саны 10-нан 20-ға дейін ұлғаяды екен. Осылайша, еліміздің әрбір өңірінде туризмді дамытуға қолайлы аудандар нақтыланып, сол аумақтарға басымдық беріледі. Бұл да болса, туризмге бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына әсер етеді деп түсіндік. Мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыруға жергілікті әкімдіктер араласатыны белгілі ғой. Өңірдегі кәсіпкерлерге тиімді шарттардың барын айтып, мейлінше туризм тартатын да солар. Әйткенмен, қолдау шараларына бірде-бір кәсіпкер тарта алмаған өңірлер кездеседі. Бұл қатарда Жетісу, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау өңірлеріндегі аудандармен қатар, Астана қаласы да бар екен. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл да жергілікті атқарушы органдарды туризм саласын өркендетуді көздеген кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларынан қалыс қалдырмауға, ынталандыруға шақырып отыр. Оның үстіне министрлік саланы дамыту үшін жаңа, тың бастамаларды үйлестіруге ниетті екенін байқатты. Осындай бастамалардың бірі бірер күн бұрын ғана күшіне еніп, халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдетілген несиелендіру мерзімі 7-ден 10 жылға дейін ұлғайған. Бұл – қонақүй бизнесін өркендетуді ойлаған кәсіпкерлерге инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға тәп-тәуір жәрдем.
Министрлік фермерлерге өз жерінде агротуризммен айналысуға рұқсат беру туралы ұсыныс әзірлеуге кіріскен. Осы шешімді қабылдау арқылы 10 мыңнан аса ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтып, сәйкесінше, ауыл-аймақтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуге болады екен. Бұл, әсіресе, еліміздің Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде өзекті болғалы тұр. Сонымен қатар жаңа және қолданыстағы объектілерде қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қонақүйлер жүйесін реформалау ұсынылыпты. Білсеңіздер, қолданыстағы критерийлер 2008 жылы қабылданған. Демек бұл ереже-талаптар қызмет көрсетудің қазіргі әлемдік стандарттарына сай келмейді деген сөз.
Көшпелілер өмірі таныстырылады
Туризмді түрлендіруді жоспарлаған соң, шетелдік қонақтарға қолайлы жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бүгінде шетелдіктер үшін шекараларда QR-кодтар орнатылып жатқан көрінеді. Елге келген қонақтар сол QR-код арқылы жүйеге өтіп, жол көрсететін гид, такси қызметінен бастап басқа да қажетті ақпараттарды анықтай алады. Сондай-ақ жол нұсқаушы гидтердің жұмысын цифрландыруға басымдық беріліпті. Алда әлі біліктілігі бар гидтер мен экскурсоводтардың бірыңғай ақпараттық базасы қалыптасады. Кейін мұндай гидтарға арнайы бейдждер үлестіріліп, олар сол бейдждің көмегімен туристерді музей, ұлттық парктерге және басқа да орындарға алып бара алады. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін арттыруға басымдық беріліп жатқанын айттық. Сонымен, былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 787 млрд теңгеге жеткен. Бұл дегеніңіз, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Жалпы, статистика көңілден шыққанымен, инвестиция бойынша Маңғыстау, Түркістан Қызылорда, Ұлытау облыстарында теріс динамика байқалыпты.
Биыл туризмді дамытуға тікелей ықпал ететін іс-шаралар жоспары ауқымды. Мысалы, 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Сонымен, 28-29 наурызда Бейжіңде мерекелік іс-шаралардың ашылу салтанаты басталса, жыл ішінде туризмнің түрлі бағыттары бойынша апталықтар өткізу жоспарланған. Сондай-ақ қыркүйекте елордада Бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Додаға әлемнің жүздеген елінен 4 мыңға жуық қатысушы келеді деген ақпар бар. Біле білгенге бұл тек спорттық аламан ғана емес, оқиғалы туризм. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алыс-жақын елдерден келген қонақтарға еліміздің өткені мен бүгіні жайында хабар беретін тарихи-мәдени орындарды таныстырып, көрікті өлкелерге саяхат ұйымдастыруға әбден болады.