Тәңіртаудан түлеп ұшқан ірі тұлға, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл толуына орай туған жерінің төсінде игі шара бастау алды. Аудан орталығы Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде жазушының мерейтойына арналған салтанатты шараға жиылған қауымның қарасы қалың болды. Бұл – бала Қожаның боямасыз бейнесін қалдырған қабырғалы қаламгерге деген құрметтің көрінісі болса керек.
Салтанатты шараның шымылдығы ұлы тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін «Бердібек әлеміне саяхат» атты деректі фильмнің көрсетілуімен ашылды. Аудан басшылығының шақыруымен алғаш рет Бердібектің туған ауылында тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартқан фильмді халық ыстық ықыласпен қабылдады.
«Бердібек ауылына саяхат» деректі фильмі – «Қоңыр Media Group» компаниясының төл туындысы. Идея авторы әрі режиссері – аталған ұжымның жетекшісі, белгілі продюсер Сержан Молдасанұлы. Бұған дейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап «Қарасаз көшелері» атты әдеби деректі фильм түсіріп, көрерменнің алғысын алған шығармашылық топ биыл Бердібектің рухына осылайша ескерткіш қойды. Шығармашылық ұжымның демеушісі – Тоқтар Мұхамеди есімді азамат басқаратын «Ынтымақ Corporation» компаниясы.
«Ауданымыздағы аядай ғана Қостөбе ауылында дүниеге келіп, еңбек жолын туған өлкесі Нарынқолда бастаған жерлесіміздің халықаралық жүлде иеленген «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы туған еліміздің көркем табиғатын, халқының боямасыз болмысын дүние жүзіне танытты. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ. Мұның өзі Бердібек Соқпақбаевтың дара талант иесі екенінің анық дәлелі», – деді Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев.
Іс-шара барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын Төлеужан Нүсіпжанұлы, Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжарұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы, жазушы Қанат Әбілқайырлар саналы ғұмырын әділдік пен әдебиетке арнаған көрнекті қаламгердің шығармашылығынан сыр шертті. Сондай-ақ мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын жазушының жерлестерін ғасыр тойымен құттықтады.
«Оралхан Бөкей десе, есімізге бірден қасиетті Алтай түседі. Оралханды жанына жақын тұтқан әр адам Алтайдың топырағын басып, тауына шыққысы келеді. Ал Мұқағали мен Қарасаз егіз. Ақиық ақынның өлеңдерін жатқа білетін ауылға өлеңсүйер қауымның атбасын бұрмағаны кемде-кем шығар. Сол сияқты қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың Қостөбесі қандай? Орнында тұр ма екен? Бердібекті сүйіп оқыған әр адамның көкейіне осы сұрақ келері анық. «Бердібек ауылына саяхат» – ең алдымен, Бердібегін сағынған, оның ауылын көргісі келіп аңсайтын жырақтағы оқырманға жауап. Жарты әлем сүйіп көрген «Менің атым – Қожаны» дүниеге әкелген сүйікті қаламгердің рухына тағзым. «Бердібек ауылына саяхат» алдағы уақытта республика деңгейінде қалың көрерменге жол тартатын болады», – дейді фильм авторы Сержан Молдасанұлы.
Айта кету керек, «Қоңыр Media Group» шығармашылық ұжымы руханиятымызға тірек болған тұлғаларымыз туралы тың дүниелер жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Мемлекеттік емес, жеке демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылатын мұндай жобалар алда да жалғасын таба бермек.
Алматы облысы