• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

473 рет
көрсетілді

“КӨГІЛДІР ОТЫН” КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУ –  УАҚЫТ ТАЛАБЫ Парламент Сенатында палата Төр­ағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев пен Александр Судьиннің қатысуымен еліміздің газ саласын дамыту және өңірлерді газдандыру мәселелеріне арналған үкімет сағаты отырысы болды. Оған Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің басшысы Нұр­лы­ғайым Жол­дасбаева төрайымдық етті. Министрліктер мен мекеме бас­шыла­ры, жергілікті атқарушы орган­дардың,  “ҚазМұнайгаз” ҰК” АҚ өкілдері қатысқан шараны аша келіп, Н.Жолдасбаева 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық жедел даму жөнін­дегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында осы мәселені талқылаудың маңызына тоқталды. Газ саласын дамытудағы қаты­нас­тарды реттейтін  құқықтық ба­заны қалыптастыру туралы сенатор Еділбай Иманқұлов сөз сөйледі. Депутаттың пікірінше, бірыңғай заң актісін әзірлеу мемлекеттік ор­гандардың, ұлттық және аффи­лирлік мұнай мен газ компания­ларының қызметі мен құзіреттерін ажыратуға, салаға инвестиция тарту үшін шарттарды белгілеуге, Қазақстанның ірі газ құбырлары арқылы газды тасымалдауды, оның ішінде ел аумағы арқылы өтетін транзитті реттеуге, тиімді алмасу операцияларының жүйесін жақ­сартуға мүмкіндік береді. Мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ­ды ұлттық меншікке беру туралы Мем­лекет басшысы­ның тапсырмасын орындау бары­сында депутат ілеспе газды қабыл­дау мәселелерін зерттеу жөніндегі арнайы жұмыс комиссиясын құруды ұсынды. Үкімет сағатында Мұнай және газ министрлігінің жауапты хат­шысы К.Сафинов, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ газы бойынша басқарушы директоры Б.Назаров, Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Е.Кәрібаев саланы дамыту мәселе­лері жөніндегі өз ойларын ортаға салып, депутаттардың сауалдарына жауап берді. КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев пен Александр Судьиннің қатысуымен “Теңізшев­ройл” ЖШС қызметінің танысты­рылымы болды. Шараға палатаның Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің басшысы Нұрлығайым Жолдасбаева төрайымдық етті. Жұмыстың негізгі бағыттары бойынша қол жеткен нәтижелер туралы депутаттарды хабардар ете келіп, кәсіпорын бас директоры Т.Леви компанияның стратегиялық мақсаттары мен ұстанымдары туралы әңгімеледі. Таныстырылым  аяқталғаннан кейін компанияның бас директоры қоршаған ортаны қорғау мен салық заңдарының орындалуына, қазақ­стандық мазмұнды ұлғайтуға, мамандарды оқыту және даярлауға, қазақстандық мамандар еңбегіне ақы төлеуге байланысты депутат-тардың сауалдарына жауап берді. Т.Леви сондай-ақ өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту, аймақтың инфрақұрылымын да­мытуды инвестициялау мәселе­леріне де тоқталды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. ШАРДАРАЛЫҚ МЕЙМАНДАР МӘЖІЛІС ҮЙІНДЕ БОЛДЫ Бұған дейін хабарланғанындай, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданынан Астанаға арнайы келген ардагерлер мен мектеп оқушылары Мәжіліс үйінде де болды. Олар Парламент Мәжілісінің депутаты Төлебек Қосмамбетовпен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Меймандар арасында тыл еңбеккерлері, құрметті демалыстағы еңбек ардагерлері мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан 15 оқушы бар. Бұл сапарды Шардара ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Оңтүстік өңірден келген меймандар Парламент палаталарының бірлескен отырыс залын, Мәжіліс депутаттарының заңмен жұмыс істеу орындарын аралап көрді. Депутат Т.Қосмамбетов өңірден келген зейнет­керлер мен шәкірттерге Парламенттің құрылымы, заң шығару тәжірибесі туралы айтып берді. “Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүзеге асырылуда. Парламент депутаттары еліміздің дамуы үшін аса маңызды заң жобаларын талқылау үстінде. Үкімет басшысының атына және министрлерге тұрғындардың әлеуметтік жағдайына байланысты депутаттық сауалдар жолдаймыз. Мақсатымыз – халықтың мұқтаждарына билік органдарының назарын аудару”, – деді депутат меймандарға қаратып. Өз кезегінде оңтүстікқазақстандықтар елорданың сәулеті мен сән-салтанатын тамашалап, мәртебелері өскенін айтты және өркениетке бет түзеген мемлекетіміздің келешегіне деген үлкен сенімдері бар екенін жеткізді. Суретті түсірген Сайлау МАЙЛЫБАЕВ. ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСТІ Парламент Мәжілісінің  депутаты Нұртай Сабильянов Семей қаласының орта мектептерінің ұстаздары және оқушыларымен кездесті. Ол мұғалімдер мен оқушыларды Астананы, оның көркем де әсем орындарын, соның ішінде халық қалаулысының жұмыс орны – Парламент Мәжілісін көріп қайтсын деген оймен шақырған. Бұл оқиға балаларға үлкен әсер етті. Кездесу барысында ұстаздар, оқушылар мен олардың ата-аналары не көргендері, қандай көңіл күйде болғандары туралы айтты. “Мен Бәйтерек кешенін, Президенттік мәденит орталығын және тағы басқа әсем ғимараттарды көргеніме бақыттымын. Маған Астанамыз өте ұнады”, – деп 6 сынып оқушысы Әліжан Әнуарбеков  қуанышымен бөлісті. Оқушылар алған әсерлерін кезегімен айтып, әсіресе, “Отан-Ана” монументін көргенде бойларында рух пайда болғанын жеткізді. Өздерінің жеке ойларын мұғалімдер мен ата-аналар да бірауыздан былайша білдірді: “Бұл сапар балаларға тек көңілді әрі қуанышты сапар ғана болып қоймай, келешегіне, ой-саналарына және де азамат болып қалыптасуына  зор ықпал етті”. Сонымен қатар, ұстаздар депутатқа арнайы хат табыс етіп, білім саласының мәселелеріне көңіл аударуын өтінді. Кездесуден кейін Мәжіліс ғимараты бойынша экскурсия өтті. Балаларға қос палатаның бірлескен отырыс залын, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыс залын, Баспасөз орталығын және депутаттың жұмыс кабинетін көруге мүмкіндік берілді.  Парламентші мен балалардың ұмытылмас кездесуі фотосуретке түсумен және ізгі ниет білдірумен аяқталды. Гауһар ҚАДІРСІЗОВА, Айжан ӘМІРХАНОВА. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫНДА Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Ахан Бижа­нов бастаған қазақстандық парла­менттік делегация Ұйымның Пар­ламенттік Ассамблеясы Кеңесінің Ереванда болған алғашқы көшпелі отырысына қатысып қайтты. Армения Ұлттық жиналысының ғимаратында өткен отырыстың күн тәртібін талқылауға Ресей, Арме­ния, Беларусь, Тәжікстан парла­ментшілері қатысты. Отырыста сөз сөйлеген А.Бижа­нов Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің сабақтастығы мен жаңалықтарына қатысты мәселелерге назар аударды. ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыру, оны жер жүзінің үш құрлығындағы 56 елді біріктіретін ерекше үнқатысу алаңы ретінде дамыту жөніндегі Қазақ­станның ниеті және еліміздің төра­ға­лық ету тұжырымдамасы туралы айта келіп, сенатор ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы біздің еліміздің оң тәжірибесі туралы әңгімеледі. Сенатор ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялары аясындағы парламентшілердің өзара іс-қимылын тереңдету пар­ламентаралық үнқатысудың маңыз­ды буыны болып табылаты­нын атап өтті. “Бүгін Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымының, оның ішіндегі парламенттік құрамда­сының маңызы артып келеді, өйткені, біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігі халықаралық қатынас­тардың қазіргі жүйесінде орнықты дамудың аса маңызды факторы”, деді А.Бижанов. ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан баста­ма­сына байланысты депутат мұн­дай маңызды форумға халықаралық өмірдің ерекше мәселелері енгізілуі мүмкін екенін атады. Бірінші кезекте, бұл бірыңғай қауіпсіздік келбетін қалыптастыру, “Корфу үдерістерін” жүзеге асыру, Ауғанс­танды қалпына келтіру және оған көмек беру. А.Бижановтың пікірін-ше, жоғары деңгейдегі кездесу­лердің күн тәртібіне ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі бағдарла­ма әзірлеу туралы мәселені енгізуге де болар еді. Қазақстан делегация­сының басшысы сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясындағы халық­аралық саланың өзекті мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіру жөнінде де сөз сөйледі. Қырғызстандағы ішкі саяси жағдайды талқылай келіп, отырысқа қатысушылар осы елдегі жағдайды халықаралық құқықтарға сәйкес тұрақтандыруға мүдделі екендіктерін білдірді. Парла­ментшілер сондай-ақ Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім жобасын бірлесе отырып ілгерілету, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің мектеп бағдарламасына тарихи естелік сабақтарын енгізу, Беларусь және Ресейдің одақтық Парламенттік Жиналысына ҰҚШҰ ПА жанын­дағы байқаушы мәртебесін беру туралы мәселелерді қарады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.