2023 жылы тұрақты AQR (активтер сапасын бақылау) және ҚСТ (қадағалап стресс-тестілеу) банктердің жалпы қаржылық орнықтылығын растады. 2022 жылы бағалауға 10 банк, 2023 жылы активтері банк секторы активтерінің 84%-ын құрайтын 11 банк енгізілді. 11 банктің несие портфелі банк секторы несие портфелінің 85%-ын құрады.
Тұрақты AQR – негізгі міндеті активтердің нақты сапасын, шығындарды, қосымша провизияларды және банк капиталының жеткіліктілігін анықтау болып саналатын жыл сайынғы қашықтан тексеру. ҚСТ – реттеу құралы. Мақсаты – дағдарыс жағдайында банктердің қаржылық орнықтылығын бағалау. Стресс-тестілеу әдіснамасы кредит және нарық тәуекелін, оның ішінде валюта тәуекелін бағалауды, сондай-ақ банктердің таза пайыздық және пайыздық емес кірістеріндегі өзгерістерді қамтиды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, 2023 жылғы AQR бағалауындағы 11 банктің капитал жеткіліктілік деңгейі 15,1% болды. Бұл реттеуші ең төменгі көрсеткіштен (7,5%) едәуір жоғары.
«2023 жылғы ҚСТ қорытындылары бойынша қатысушы банктердің стрестік сценарийдегі капиталының жиынтық жеткіліктілігі (k1) 2023 жылдың басындағы 15,1%-дан ҚСТ аясындағы 13,9%-дық ең төменгі мәнге дейін өзгерді. Осылайша, қатысушы банктердің стрестік сценарийдегі капиталының жеткіліктілігі талап етілетін реттеуші нормативтерден жоғары деңгейде сақталды. 2024 жылғы наурызда Агенттік тұрақты AQR кезекті циклін бастайды, оның нәтижесі биыл қыркүйекте алынады деп күтілуде», дейді агенттік өкілі.