Былтырдан бастап еліміздің барлық өңірінде қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жүзеге асып келеді. Бағдарлама аясында 2023 жылы облысқа республика бюджетінен 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлінді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақсатында облыстық, 12 аудандық және 147 ауылдық округте жобалық кеңсе және жұмыс тобы құрылған еді. 2024 жылы бағдарламаны нәтижелі іске асыру мақсатында өңірдің барлық 147 ауылдық округінің 413 ауылдық елді мекеніне скрининг жүргізілген. Несие алуға ниет білдірген өтініш өңірдің барлық елді мекенін қамтып отыр. Бұл аталған бағдарлама Батыс Қазақстан облысын толық қамтығанын көрсетеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аян Халауединнің айтуына қарағанда, 2023 жылы облыста сүтті бағыттағы сиыр өсіруге, өсімдік шаруашылығын, құс шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қайта өңдеуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға, ірі қара мен ұсақ малды бордақылауға түскен өтініштерге басымдық берілген екен.
– Қазірге дейін 6,4 млрд теңге несие қаражатына 1 065 өтінім мақұлданып, 6,3 млрд теңгеге 966 шағын несие берілді. Соның ішінде 49 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қаржыландырылды. Оларға берілген несие көлемі – 987,6 млн теңге. Ал кооператив мүшелерінің саны – 469 адам, – дейді Аян Халауединұлы.
2023 жылы облыста сүтті бағыттағы ірі қара малдың саны 2 мың басқа өседі деп жоспарланған болатын. Ал бүгінде тұрғындардың 6 592 бас сүтті сиыр сатып алуға өтініші мақұлданған. Қазірдің өзінде 5 618 бас сиыр сатып алынып, аудандардағы иелерінің қолына тиген.
Сонымен қатар мал шаруашылығында мал азығы қорын дайындауды ұйымдастыру, шағын кәсіпкерлік нысандарын ашу бағытында да жұмыс атқарылып жатыр.
2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен Батыс Қазақстан облысына 7,919 млн теңгеге бюджеттік несие қаражаты келмек.
Өңірге бөлінетін 7,9 млрд теңге қаражатқа 922 микронесие беріп, 2 244 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
2024 жылы микронесиелер кооперативтерді, шағын бизнесті дамыту, өсімдік, құс және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын өркендетуге берілмек. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу, халыққа қызмет көрсетілетін ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамыту, балық және бал-ара шаруашылығын дамыту, етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ малды бордақылау жұмыстарына көңіл бөлінетін болады.
– Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықты кооперативтерге біріктіру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру қажет» деп тапсырған болатын. Бұл – «Ауыл аманаты» бағдарламасының бірден-бір мақсаты, – дейді Аян Халауедин.
Бүгінде облыс аумағында 394 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеліп, соның 270-і нақты жұмыс істеп тұр.
Биыл дәл осы 270 кооперативті «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында микронесиелеу арқылы қажетті техника, құрылғымен қамту көзделіпті. Шағын шаруа құрылымдары мен жеке үй шаруашылығымен айналысатын тұлғаларды бір кооперативке біріктіріп, ірі шаруа кооперативтеріне айналдыру, мал азығын дайындау, сервистік, қайта өңдеу кәсіпорындары, өнімді өткізу қызметтерін өзара байланыстыру жұмысы қолға алынған.
Осы 270 кооперативтің негізін мал шаруашылығы бағыты құрайды. Мысалы, 204 кооператив етті мал шаруашылығын қолға алса, 43-і сүтті бағытқа бейімделген. 11-і өсімдік шаруашылығын, 5-і сервистік қызмет көрсету бағытын ұстанған. Тағы 3-і – бау-бақшаға, 3-і – бал ара шаруашылығына, және 1-і су шаруашылығы саласына маманданған.
«Биыл ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілер саны артты. Жаңа кәсіп ашамын деген ауыл тұрғындарынан 2,3 млрд теңге несие сұраған 187 өтініш түсті. Бұл өтініштердің басым бөлігі – техникалық қызмет көрсету, шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары және құрылыс материалдарын өндіру секілді сервистік қызмет көрсету бағыты», дейді Аян Халауедин.
Әрине, ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы микронесиелеу кезінде сол аудан немесе ауылдық округке әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тауарының тізбесі ескеріліп отыр. Өйткені әр ауыл өз-өзін әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен барынша қамтуға тиіс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев әлі күнге дейін облыстың 25 ауылдық округінде ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылмағанын айтады. Мұндай ауылдар саны Бөкейордасы ауданында – 3, Бөрліде – 3, Бәйтеректе – 9, Жаңақалада – 1, Жәнібекте – 5, Қаратөбеде – 1, Сырымда – 2, Теректі ауданында 1. «Алдағы уақытта барлық ауылдық округте кооператив ашуға ұмтыламыз», дейді Рүстем Мүлкәйұлы.
Жалпы, облыста 2023 жылы 49 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған екен. Ақжайық өңірі негізінен етті мал шаруашылығы бағытына маманданған. Мал басы жылдан-жылға артып келеді. Облыстың ет өндіру көрсеткіші, ет және ет өнімдерімен қамтылу деңгейі жоғары. Алайда облыс тұрғындарының сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу үлесі небәрі 22,3%-ды құрайды. Өңірде сүтті бағыттағы 7,5 мың бас сиырдан жылына 25,0 мың тонна сүт алынады. Қалған 77,6% сүт өнімі Ресей, Беларусь мемлекеттерінен және еліміздің басқа да өңірлерінен алып тұтынамыз.
– Сүт және сүт өнімдеріне деген импортқа тәуелділікті азайту мақсатында облыста 2022-2025 жылдарға арналған «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да серпін беріп, жеке қосалқы шаруашылықтарға кәсіп ашу арқылы микронесие беріп, облысқа сүтті мал әкеліп жатырмыз, – дейді Рүстем Зұлқашев.
Бүгінде облыста жылына қуаттылығы 70,2 мың тоннаны құрайтын 7 сүт өңдеу кәсіпорны – «Орал сүт зауыты» ЖШС, «Береке» ЖШС, «Жастық» ЖШС, «Сары бел» ЖШС, «Каверин С» ЖК, «Таловое» ЖШС, «Агрофирма Ақас» ЖШС жұмыс істеп тұр. Сүт өндірісі көлемін арттыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы қомақты үлес қосар дейді мамандар.
Биыл «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ жанынан қажетті сала мамандарымен қамтамасыз етілген «Агротехникалық қызмет» бөлімі ашылған еді. Бұл бөлімнің негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметін тегін сүйемелдеу. «Агротехникалық қызмет» бөлімі қажетті кеңестер берумен қатар, кооперативтердің құжат айналымын рәсімдеуге көмектеседі. Осының арқасында кооперативтер мемлекеттік қолдау бағдарламаларына оңай қол жеткізеді. Мысалы, 2023 жылы кооперативтерге төмендетілген пайыздық несие берумен қатар, сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары құнын ішінара өтеуге 60,0 млн теңге (20 АШӨК) және мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 470,5 млн теңге (104 АШӨК), барлығы 530,5 млн теңге субсидия төленді.
2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыстың 49 кооператив мүшесі 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 987,6 млн теңге несие алып, сүтті мал сатып алу шығынын ішінара өтеу аясында 111,4 млн теңге субсидия көлемінде мемлекет қолдауына ие болды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындары үшін шын мәнінде, ерекше қолдау болғанына сөз жоқ. Өңір экономикасының екінші тынысын ашып берген мемлекет қолдауына Ақжайық халқы алғыс айтып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы