Параспортшы Динара Құтжолова жергілікті құрылыс компаниясының басшысы Қанат Сәлімгереевтің қолынан су жаңа қос бөлмелі пәтердің кілтін алды. Дзюдодан өткен жылғы Азия параойындарының қола жүлдегері таяу күндері Тобыл қаласының «Нұрай» жаңа шағын ауданындағы өз пәтеріне қоныстанады.
Динараның дзюдомен шұғылданғанына көп бола қойған жоқ. Солай бола тұрғанмен, қысқа мерзім ішінде екінің бірі қол жеткізе бермейтін биік белестерді бағындырған. Спортшы кейінгі бір жылдан бері көру қабілетінен айырылған.
11 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған параспортшы пәтер кілтін табыс ету салтанатына анасы мен балаларын ерте келді. Жаңа пәтердің табалдырығын аттай бере қуаныштың көз жасына ерік берген Динара атымтай кәсіпкерді құшақтай алып: «Жақсылығыңыз жүз есе қайтсын! Сізге шын ниетіммен тілейтінім – бүгін мен қалай қуансам, дәл солай қуанатын күндеріңіз көп болсын», деп шынайы алғысын жаудырды.
Пәтердің ауданы 61 шаршы метр болады. Терезелері үлкен, бөлмелері жарық. Балконына дейін еденделген, жып-жылы.
«Ұсақ-түйек шаруалары ғана бітпей тұр. Екі күннен кейін көшіп келе беруіңізге болады», дейді кәсіпкер.
Бөлмелерді аралап көріп шыққан Динара кәсіпкерге тағы ризашылығын айтып жатты. «Шынымды айтсам, соңына дейін сенбедім. Қазірдің өзінде өз көзіме өзім сенбей тұрмын. 11 жыл бойы кезек күттім. Бүгін, міне, көптен күткен пәтерімізді көріп, қуаныштан есіміз шығып тұр. Осы тұрғанда сізге деген, Отанымызға деген қарызымды шын сезінгендей күйдемін. Алдымызда паралимпиа ойындары күтіп тұр. Жоқ дегенде жүлдегерлер қатарынан көрінуге тырысамын», дейді Динара.
«Инвест Қост» серіктестігінің басшысы Қанат Сәлімгереев өзінің компаниясы салып бітірген әр үйден тұрмысы төмен отбасыларға бір пәтерден беріп отыруды дәстүрлі үрдіске айналдыратын ойы бар екенін айтты.
Қостанай облысы