Биыл солтүстікте қар айрықша көп. Қыс та тұрақсыздық көрсетіп, біресе қар еріп жылымық, біресе қатып жалтыраған көк мұз болып тұрған кездер көп болды. Енді көктемгі тасқын қалай болар екен деген сұрақты Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Ерік Сарыбаевқа қойған едік.
«Әзірге, қарғын суды қарсы алуға әзірлік ойдағыдай жүріп жатыр. «Қазгидрометтің» мәліметіне қарағанда, былтыр күздегі топырақтың ылғалдылығы қалыптағыдан 67 пайызға артық болыпты. Бұл қар суының топыраққа сіңуін азайтады, сондықтан тәуекел аймағындағы ауылдарды су басып қалу қаупі бар. Біз тұрғындары 5 мың адамнан асатын 1 729 ауласы бар осындай 87 елді мекенді қазір есепке алып, оларға жедел көмек ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деді Ерік Темірханұлы.
Кейінгі жылдары тасқынға қарсы амалдар бізде жақсы жүргізіліп келеді. Тәуекелі зор аймақтарда орналасқан 175 елді мекеннің маңына 131 шақырымға созылатын орлар тұрғызылған. Жеті шақырымдай жерге артық су жинақталатын дамбалар қазылған. Облыстың автомобиль жолдарында су өткізетін 97 өткел тазаланған. 60 шақырымдай жерге дренаждық жүйелер тартылған. Көлдер мен өзендердің жағалаулары көтерілген, сонымен бірге өзендердегі бөгеттер тазаланған.
«Осы жұмыстардың бәрі тасқынның алдын алуға мұрсат беруге тиісті. Біз бұл жұмыстарды әлі де тыңғылықтай түсеміз. Жедел қарсы тұру жұмыстарына ТЖД, Полиция департаменті, Ұлттық ұлан қатарынан 472 адам мен 134 техника тартылып отыр. Нақты айтар болсақ, ТЖД-дан – 250 адам мен 50 бірлік техника, Ұлттық ұланнан – 60 адам мен 3 бірлік техника, Полиция департаментінен 162 адам мен 81 бірлік техника дайындық сапында тұр. Соның ішінде ТЖД құрамында халықты көшіру мен эвакуациялауға арналған бөгетсіз жүре алатын 10 вахтовка, 6 батпақ кешкіш техника бар. Соңғының екеуі Петропавлда, қалғаны Есіл, Тимирязев, Ақжар, Мүсірепов аудандарына бір-бірден берілген. Жеті жүзгіш құралдар, 78 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюмдер, 400 адам сыятын 21 шатырымыз да дайын», деді ТЖД бастығы.
Құтқару күштері бұрнағы жылдардағы тәжірибені ескеріп, барынша қауіпті аймақтарға шоғырландырылған. 24 қаңтардан бастап облыста дайындықтың жетілдірілген режімі енгізілді. Тасқынға қарсы күресті облыс әкімі өз бақылауына алып отыр. Тасқын былтыр қыркүйекте ғана тағайындалып, мұндайды әлі көрмеген облыс әкімін де, Түркістан облысынан сол уақытта келген ТЖД бастығын да сынақтан өткізбек. Жыл басынан бері облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов тасқынға қарсы тұру штабы мен төтенше жағдайларды жою жөніндегі комиссияның бірнеше жұмыс отырысын өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Онда тасқынның барысы мен қарқынын бақылауға және құтқару жұмыстарына «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ тікұшақтарын тарту мәселесі де қаралып, бұл жұмыстарға 130 млн теңге бөлінді. Пилотсыз ұшатын аппараттарды дайындық сапына қою тапсырылды. Аудандық әкімдіктердің балансында ондайдың 9-ы бар, ал бесеуі – ТЖД балансында.
Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында шағын өзендердің ағын суларын бөгейтін сеңдерді жару үшін 11 млн теңгеге жарылғыш заттар алу мен мамандарды тарту қарастырылған.
Жергілікті атқару органдары да 1 484 адам күші, 1 127 бірлік техника, 71 бірлік су айдайтын техника және 297 мотопомпадан тұратын тасқынға қарсы күштерді әзірлеп отыр. Бүгінгі таңда ауылдық округтер үшін тағы да 58 мотопомпа алу жоспарланған. Сонымен бірге ауыр инженерлік техникаларды қосымша жалға алу үшін конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі кезде Петропавл қаласы мен аудан әкімдері суды бөгейтін 9 мың тонна инертті материалдар, 38 мың тонна қаптар және 87 тонна ЖЖМ әзірлеп отыр. Облыс бойынша эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайтын 242 қабылдау бекеттері дайындалған. Әкімдіктер оларға тамақ өнімдері және басқа да қажетті заттарды жеткізетін фирмалармен келісімшарттар жасасып қойды. Денсаулық сақтау басқармасы қажетті медикаменттерді жеткізу жолдарын анықтаған.
Тасқынның алдын алу шаралары елді мекендердің ішінде де жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 696 мың текше метр қар шығарылды. Бірақ бұл істе сылбырлық бары байқалады. Әсіресе Петропавл қаласындағы жекеменшік үйлердің тұсындағы тау болып аулалардан шығарылған қар әлі күнге толық тасылып болған жоқ. Күн күрт жылынып кетсе, бұлардан келетін зиян аз емес.
Солтүстік Қазақстан облысы