Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 ақпан күні балалар қауіпсіздігін қамтитын заңға енгізілген толықтыруды мақұлдап, қол қойды. Құжат балалардың өмірінде, емтихан тапсыру кезінде стресті жағдайларды азайтуды да көздеген, деп жазады Egemen.kz.
Осы толықтырулар негізінде енді 1 сыныптан бастап лицей, гимназияда оқығысы келген балалардан емтихан алынбайды. Заңның бұл тетігі туралы Орта білім беру комитетінің басшысы Қаныбек Жұмашев айтып берді.
«Бұл норма барлық типтегі мектептерге қабылдаудағы шектеулерді алып тастап, дайындық деңгейіне қарамастан барлық балаға негізгі білімді меңгерту, танымдық қабілеттері мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамыту үшін тең мүмкіндіктер мен қолжетімділікті қамтамасыз етеді», деді Қаныбек Жұмашев.
Белгіленген норма жаңа оқу жылынан бастап қолданылады.