• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 27 Ақпан, 2024

Транзакция көлемі өсті

131 рет
көрсетілді

2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі қолма-қол ақшасыз карточкалық транзакциялар көлемі алғаш рет ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсет­кішінен (ІЖӨ-ге 120%) асып, 142,6 трлн (+39%) тең­гені құрады. Бұл жағдайда ел бойынша қолма-қол ақ­ша­сыз операциялардың үлесі 82,5%-дан 86,2%-ға дейін өсті. Бұл туралы Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығы хабарлады.

Өңірлер бөлінісінде қолма-қол ақшасыз транзакциялар үлесі өсімінің көшбасшылары Алматы (+9,9%), Түркістан (+9,5) және Батыс Қазақстан (+5,4) облыстары болды.

Елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың одан әрі енуі айналыстағы төлем карталары санының (жылына +9,5 млн) және POS-терминалдардың (+210,1 мың) айтарлықтай ұлғаюына, QR арқылы төлемдердің танымалдылығының артуы­на (жыл қорытындысы бойынша 8,5 трлн теңге), сондай-ақ қолма-қол айналымды дәстүрлі пайдаланатын сегменттердің қамтылуына (мысалы, бейресми жұмыспен қамту: сауда, қызметтер, т.б.) әсер етті.

Бұл ретте банктердің онлайн-сервистерін белсенді пайдаланушылардың саны жыл қорытындысы бойынша 22,9-дан 22,7 млн-ға дейін (-1,1%) төмендеген.

«Қолма-қол ақшасыз операциялар әдістерінің ішінде ең танымалы интернеттегі транзакциялар (барлық қолма-қол ақшасыз операциялардың 83,0%-ы), содан кейін POS-терминал (10,9%) және QR (6,0%) арқылы төлем орналасты. Ақша массасының өсу қарқыны біршама баяулады (2023 жылы +8,3%, бір жыл бұрынғы 12,1% өсіммен салыстырғанда). 2023 жылы қазақстандықтар 2022 жылғы 21,8 трлн теңгемен салыстырғанда 22,9 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды. Өткен жылмен салыстырғанда елдегі айналымдағы дебеттік карталар саны 18%-ға, 51,3-тен 60,3 млн бірлікке дейін, ал кредиттік карталар – 3,9%-ға, 11,8-ден 12,2 млн бірлікке дейін өсті», делінген қауымдастық хабарламасында.

2024 жылдың басына қарай карточкалар бойынша қолма-қол ақшасыз транзакция көлемі қолма-қол ақша беру жөніндегі операциялардың тиісті көрсеткіштерінен 6 есе асып түседі.