Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Алматы қаласында мемлекеттік тілді дамытуға арналған мобильді қосымшалардың үздік дизайнерлерін анықтайтын «Design Battle» байқауы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өткен алғашқы кәсіби UI/UX және графикалық дизайнерлер байқауын белгілі кәсіпкер, венчурлік инвестор Кеңес Рақышевтың «ХАТУ» акционерлік қоғамы, «Сәби» қайырымдылық қоры ұйымдастырды.
- «Design Battle» байқауы онлайн және офлайн форматта өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 220-дан астам дизайнер, ал онлайн-трансляцияда 150-ден астам көрермен қатысты. Байқаудың бірінші күні этникалық стильде, айдентикада және дизайнның басқа да негізгі аспектілерінде тәжірибесі мол мамандар өткізген шеберлік сағаттарына арналды. Екінші күнінде қатысушылар жобалары бойынша қарқынды жұмыс жасады, - дейді ұйымдастырушылар.
Нәтижесінде, UX/UI және графикалық бағыттағы 70 бірегей жоба іріктеліп Кеңес Рақышев, «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова және ХАТУ мамандары мен дизайн саласындағы тәуелсіз сарапшылардан құралған әділ қазылар алқасына ұсынылған.
Байқау қорытындысы бойынша, UX/UI дизайнер Дильназ Мұқашеваның туындысы үздік деп танылса, Руслан Махматов екінші орын, Аружан Райымқұлова үшінші орынды еншіледі. Ал графикалық дизайн бағытында Қасымхан Бұлхайыр топ жарса, Ислам Тіркесбаев екінші орын, Ұлан Мүптекеев үшінші орынға ие болды.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге. Әр бағыт бойынша жүлдегер командалар бірінші орын үшін – 500 000 теңге, екінші орын үшін – 300 000 теңге алды және үшінші орын үшін – 200 000 теңгелік сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше қатысушы Кеңес Рақышев жобасында қазақ тілін үйренуге арналған бірегей қосымшаны құру бойынша жұмыс істеуге ұсыныс алды. Ол жас дизайнерлер жасайтын заманауи құрал мемлекеттік тілді дамытуға үлесін қоспақ.