Қарағандыда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды облысының аумағында «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара барысында аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі заттарын сатумен айналысқан 20 жастағы ер адам ұсталды. Ұсталған азаматқа тиесілі қол сөмкенің ішінде үш пакетке салынған ұнтақ тәрізді заттар табылды.
Тәркіленген заттарға жүргізілген сараптама қорытындысына сәйкес, оның жалпы салмағы 1,5 келі «мефедрон» синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды. Күдікті тәркіленген заттарды Астана қаласынан әкелгенін мойындады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», делінген хабарламада.