Елімізде балаларға арналған 30-ға жуық мерзімді басылым жарық көреді. Газет-журналдар жеткіншек оқырманының талғамына татымды, тұщымды дүние ұсына алып жүр ме деген сауал – өз алдына бөлек әңгіме. Айтпағымыз – балалар басылымының таралымы, жазылым жайы.
Осы мәселенің сан тарау түйінін тарқатудың қамындағы іс-шара өтті. Астана қаласындағы мектеп директорлары, педагогтер, кітапханашылар, ата-аналар қатысқан жиында республикалық балалар басылымдарының бас редакторлары мен өкілдері жазылым мәселесін талқыға салды. Оқу-ағарту министрлігі, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы және Астана қаласы Білім басқармасының алқауымен өткен ауқымды іс-шарада балалар басылымдарының басшылары оқырман мен баспасөз арасына алтын көпір орнататын педагогтерге базынасын білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде балалардың кітап оқудан ажырап бара жатқанын ескертіп, жауапты салаға тапсырма да жүктеген еді. Сол кезде бекітілген «Оқуға құштар мектеп» жобасын бүгінде Оқу-ағарту министрлігі төрт бағытта жүзеге асырып келеді. Бұдан сырт «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қамту да – қауырт шаруаның бірі. Көркем әдебиетпен қатар мерзімді баспасөзді балаға жақындатудың төте жолы – жазылым.
Осы жылдың қаңтар айында Алматыда Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев пен Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның қатысуымен «Шығармашылық интеллигенция – Қазақстан балаларына» атты кездесу өткен болатын. Сол басқосуда жүктелген тапсырмаға орай 26 ақпанда Астанадағы №59 мектеп-лицейде осы ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Басылым мен оқырман арасын ұйыстыруға үндейтін жиында балалар басылымына жазылудағы көлденең кедергі мен тосқауыл да айтылды. Жазушы Толымбек Әбдірайым, құрамына 11 басылым кіретін, соның ішінде балаларға арналған «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері, «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары қарайтын «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы және өзге де балалар басылымдарының өкілдері сөз алып, жас оқырман мен баспасөз арасындағы байланыс алшақтап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Екі-үш жыл бұрын өткен Жазушылар одағының құрылтайында Олжас Сүлейменов: «Біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, осы отыз жылдың ішінде біз кітап оқуды доғардық», деген еді. Ақиқатын айтқанда, тәуелсіздіктен бері қарай расында да оқырман газет-журнал, кітап оқудан ажырап қалды. Бесіктен жаңа босап шыққан балдырғанның өзі смартфонға үңілетін қазіргі қоғамда жас оқырманды балалар басылымымен қауыштырып, байланыс жібін ширату – маңызды шаруа. Бүгінгі басқосудың көздегені де – осы жайт. Дегенмен де соңғы жылдары руханиятқа қайта ойысып, оқуға деген бетбұрыс күш алып келеді. Қаңтар айында Алматыда қос министрлік басшыларының тізе қосып өткізген жиыны – сөзімізге дәлел. Сең сетінеп, шаруа қозғалды. Балалар басылымдарына қолдау-көмек көрсету жүзеге асса, құба-құп», деді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Т.Әбдірайым. Жазушы 40 жыл бұрын 300 мың таралыммен тараған «Балдырған» журналы бүгінде 10 мың данамен жарық көруі қоғамның «бір кем дүниесі» екенін баса айтты.
Қымбат Әбілдақызы мектеп директорлары мен мұғалімдерге һәм ата-аналарға жеткіншектерді балалар басылымымен достастыруға үндеді. 2000 жылдан бері «Айгөлек» журналын шығарып келе жатқан ақын балалар басылымдары қашанда педагог қауымның тілеулесі екенін жеткізді.
Дәулетбек Байтұрсынұлы былтыр жеті облысты шарлап, оқырмандармен жүздесуде түрлі кедергіге кезіккенін, бұл түйткілді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа да ескерткенін айтты. «Мектеп пен балалар басылымдары арасындағы байланыстың шылбыры үзілгелі тұр. Үзілмелі жіп қиылып, оқырман азайса, балалар басылымдары жабылады. Қазір кез келген мектепке барсаң, «Бізді басылымға жазылыңдар деп мәжбүрлеуге ешкімнің қақысы жоқ» деген уәжді көлденең тартады. Қайда барсаң да, алдыңнан шығатыны осы кеп. Білім ошағының басшысынан бастап, қосшысына дейін осы уәжді қалқан етеді. Мұның салқыны қатты тиді, балалар басылымы мен жас оқырман арасын алшақтатып жіберді. Оқу-ағарту министріне балалар басылымы үшін тарс жабылған мектептердің есігін қайта ашуды сұрадым», деді Д.Байтұрсынұлы.
Думан Анаш оқырманды қызықтырып, талғамына татитын тұщымды дүниелер ұсыну басты мұрат екенін жеткізді. Республикалық «Ақ желкен» журналының ұжымы оқырмандар арасында түрлі байқау ұйымдастыру арқылы да оқушы қауымның үдесінен шығып келе жатқанын жеткізді.
«Былтыр «Ақ желкен» журналында «Қайталанбас сәт» деген тақырыпта оқушылар арасында фотобайқау ұйымдастырылды. Қазір барлық оқушының қолында смартфон жүреді. Кез келген жерде өзі фотоға түсіре алады. Оларды осы қырынан сынап көрмек мақсатында өткізген байқауға көп туынды жолданды. Сонымен қатар викториналық сұрақтар бойынша байқау ұйымдастырылады. Биыл қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің мерейтойлары бар. Өре бәйгесі де осы атаулы күндерге орай өткізіледі», деді Д.Анаш.
Бүгінде елімізде 30-ға жуық балалар басылымы жарық көреді дедік. Елді түгел қамтуға тиіс мерзімді басылымдардың барлығы дерлік төмен тиражбен таралады. Еліміздегі жеті мыңнан астам мектеп оқушылары мерзімді басылымдармен достасса, бұл олқылықтың орны толар еді дескен қаламгерлер педагогтерге орасан сенім артатынын аңғартты.