Табиғатты қорғау прокуратурасының шара қолдануымен Жетісу облысының Панфилов, Қаратал, Ақсу, Сарқан аудандары және Текелі қаласында коммуналдық қалдықтарды шығарудың тарифтері төмендетілді, деп жазады Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Прокурорлар уәкілетті органдардың үш жылдан астам уақыт бойы мәслихатқа оларды бекіту үшін тарифтер ұсынбағанын анықтады. Қызмет көрсететін компаниялар тарифты өз бетінше белгілеп, оның сомасын 1 м3 1500 теңгеден 5000 теңгеге дейін өсірген.
Қадағалау актісі бойынша аталған аудандардың тұрғындары үшін жаңа тарифтер бекітілді, бұл қызмет ақысын 2 есеге, ал кейбір жағдайларда 10 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша 100 мыңнан астам тұтынушының, оның ішінде 6 мың заңды тұлғаның мүддесі қорғалды», делінген ақпаратта.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта облыстың Алакөл, Кербұлақ аудандарында да жүзеге асырылады.