Ботаникалық бақты күрделі жөндеуден өткізуге 300 000 000 теңге бөлінді. Елімізде екі ботаникалық бақ болса, соның бірі Петропавл қаласында орналасқан. 1800 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайда әлемнің әр қиырынан әкелінген тропикалық, субтропикалық өсімдіктердің 400-ге жуық түрі жайқала өсіп тұр. Мұнда халықаралық “Қызыл кітапқа” енген өте сирек декоративті жасыл өсімдіктер мен ағаштар да кездеседі. Мәселен, Вашингтон пальмасы еліміз бойынша осында ғана бар. Петропавл ет-консерві комбинаты жанынан құрылып, алғашқыда “Табиғат перзенттері” экологиялық орталығы, кейін “Қызылжар оранжереясы” кәсіпорны болып аталса да көптен бері күрделі жөндеу көрмегені білініп тұратын.
Жуырда осында облыс әкімі Серік Біләлов болып, “Жол картасы” аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бағдарлама бойынша 300 миллион теңге бөлініп, құрылыс бригадалары іске жұмыла кірісіп кеткен. Тропикалық саябақты аралап көрген Серік Сұлтанғазыұлы биіктігі төрт қабатты үйге пара-пар шыны күмбездер, субұрқақтар орнатылатынын, айналаны көркейтуге 75 миллион теңге қарастырылатынын, басқа да шаралар атқарылатынын, сөйтіп, қала тұрғындары демалатын саялы орынға айналатынын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.