«Темірлан» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын салу жобасы қызу қолға алынды. Жоба жүзеге асса, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, ел еңсесін көтеруге септігін тигізбек.
Астықты аймақ тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе. Бір қарағанда мал басы жеткілікті болғанымен, өнім өңдеуде қимыл ширақ емес. Әсіресе, ауыл тұрғындарының бағымындағы ірі қара малдың өнімдерін іске жарату жағында олқылық бар. Бұл тиянақты атқарылса, мал баққанға да, өнімін өңдеп, іске жаратқанға да пайдалы болар еді. Әрі Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі өңір дастарқанының берекесі кірері сөзсіз. Дәл қазір облыстағы ірі елді мекендердің азық-түлік дүкендерінде ұнтақтан жасалған сүт сыңсып тұр. Ал ақтылы мал өсіріп отырған өңір неге табиғи, таза сүт ішпеске?
Жарқайың ауданындағы тауарлы-сүт фермасы осы заманғы сауу құрылғылары орнатылған, 800 бас ірі қараға лайықталған ферма болмақ. Өткен жылы дәл осы ферманың 400 басқа шақталған құрылысы аяқталды. Бұл жұмысқа серіктестіктің 700 миллион теңгеден астам қаражаты жұмсалды. Сүт қабылдап алатын және өңдеуден өткізетін құрылғылар орнатылды. Жобаның жалпы құны – 1,3 миллиард теңге.
Серіктестік басшысы Ерлан Алиннің алдына қойған жоспарына қарағанда, сүт өңдеу барысында ең озық технология қолданылып, жоғары сапаға қол жеткізілмек. Міне, сонда ғана ең кірпияз тұтынушының талабына жауап беретін болады. Бұл жерде сүт өнімдерінің сан түрі шығарылмақ. Тіпті бұл өңірде кездесе қоймайтын таңсық асқа дейін бар. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары. Екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ауыл тұрғындары тұрақты табысы бар, жұмысшыларының бар жағдайы жасалған еңбекке араласпақ. Ең бастысы да осы емес пе?!
Сөз арасында серіктестік туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ұжым бәсекеге төтеп беретін берекелі істің бастау көзін ашқан. Әр жыл сайын материалдық-техникалық базасын жақсартып, әртүрлі өнім өндіріп жатыр. Диқандар бидай, сұлы, арпа егеді. Сондай-ақ картоп, қырыққабат, сәбіз, қызылша өсіру қалыпты жағдай. Бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған өнімдердің барлығы еселі еңбектің арқасында тәп-тәуір өнім беріп тұр.
Қияндағы Тасөткел ауылының уақыт өткен сайын сән-салтанаты артып, ажарының айшықты болуына осы серіктестік үлес қосып жатыр. Жол жөнделіп, ауылдағы білім ошағы құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жөндеуден өткізілген. Ауыл тұрғындарының тұрмысы қаладағыдан кем емес. Серіктестік әлеуметтік бағдарламалар мен мәдениет саласын қолдауға әр жыл сайын қыруар қаржы бөледі. 24 жылдан бері бұл ауыл аудандағы ең сәулетті елді мекеннің бірі. Серіктестік басшысы Ерлан Қинуарбекұлы – ауданның құрметті азаматы. Бұл іскер басшының еңбегіне берілген баға.
Бүгінгі күні серіктестік техника паркін жаңғыртып жатыр. Мүмкіндіктері бар болған соң ауыл шаруашылығы техникаларының ең соңғы үлгідегі нұсқаларын алып жатыр. Жақсы жарақталған шаруашылықтың ісі де өнімді. Ал ісі алға басқан сайын шалғайдағы шағын ауылдың дастарханы бай, мерейі үстем.
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы