Семейде 13 жасар қыз белгісіз біреу ізінен қалмай, аңдып келе жатқанын байқап, полицияға хабарлаған, деп жазады Egemen.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жеткіншек жақын маңдағы дүкенге кіріп, соңындағы күдікті адам туралы құзырлы орган қызметкерлеріне айтқан.
Оқиға орнына шұғыл жеткен пагондылар, мән-жайды білмекке бет алғанда, қаскөй оларға қарсы пышақ ала жүгірген.
«Полицейлер ер адамды дүкеннен алшақтау жерге алып кету үшін әрекет жасады. Олар агрессивті ер адамның назарын өздеріне аудара отырып, рациямен қосымша көмек шақыртты. Патрульдік полиция экипажы шұғыл оқиға орнына жетсе де, суық қаруды тәркілеу барысында полицей Асхат Ахатов басынан үш рет жарақат алған. Ол ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», делінген Семей қалалық полиция басқармасының ақпаратында.