Сауда саласында халықтың әлеуметтік қорғалуын, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті қызметтер көп. Көпшілікке осы қызметтердің жұмыс тиімділігінің артқаны маңызды.
Сол қызметтердің бірі – экономикалық тергеу департаменті. Жуырда осы департаменттің аса маңызды жедел істер жөніндегі уәкілі Мұхаммед-Хайыр Бағытжанов баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуына қарағанда, экономикалық тергеу департаменті экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды. Бұл істе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жасап отыруға көп көңіл бөлінеді. «Бірақ біз кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне араласпаймыз, тек қазіргі заманғы ақпараттық жүйелерді пайдаланып, рұқсат етілген сауда ставкасының сақталуын бақылап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату бойынша өнімсіз делдалдықты анықтау бағытында жұмыстар жүргіземіз», деді Мұхаммед-Хайыр Бағытжанов.
Мониторинг жасау барысында жедел уәкіл өздері тойтарыс берген бірнеше мысалды атап өтті. Соның ішінде сауда субъектілеріне макарон өнімдерін өткізуде үш үлестес делдалдық болған фактіге жол берілгенін жеткізді. Осының кесірінен макарон бағасы орынсыз көтерілген. «Уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстың арқасында заңсыз делдалдарды анықтауға қол жеткізілді. Нәтижесінде, өндірушінің макарон өнімдерінің бөлшек саудадағы бағасы 490 теңгеден 355 теңгеге дейін төмендеп, 40 пайызға арзандатылды», деді ол.
Осы әдіспен супермаркеттер желісінде қарақұмықтың бағасы 2 374 теңгеден 1 710 теңгеге дейін арзандатылған. «Жыл басынан бері Сауда департаментімен бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесінің мөлшерін арттыру үшін ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке 7 кәсіпкерлік субъектісі тартылды. Олар – 4 супермаркет желісі және 3 көтерме сауда компаниясы», дейді департамент өкілі. Сонымен қатар ол монополиялық жоғары бағаларды қойып, 20 мың АЕК-тен асатын кіріс алған жағдайда нарық субъектілеріне қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтті.
Ал сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуына қарағанда, 2023 жылы департаментке тұтынушылардан 605 арыз-шағым түскен. 2022 жылы түскен шағымдар 491 болса, былтырғы сан одан 23 пайызға артқан. Бұл тұтынушыларға қызмет көрсетуде сауда орындарының тәртіп бұзушылықтары – сапасыз тауар сату істерінің артып келе жатқандығын көрсетеді. Тұтынушылардан түскен арыз-шағымның 203-і «е-otinish» желісімен, 150-і Telegram-bot арқылы, 151 мәлімет «жедел желі» арқылы ауызша және 101-і қабылдауға келіп жасалған.
«Департамент арыз-шағымдарды тексеру барысында тұтынушылардың құқығы бұзылған көп фактіні анықтап, олардың 12 млн 68 мың теңге қаражатын қайтарып бергізді. Соның ішінде 7 млн 200 мыңы бөлшек сауда, 3 млн 602 мыңы электрондық сауда бойынша», деді Қанат Жеңісбекұлы.
2023 жылы жедел тексерістердің барысында кәсіпкерліктің 2 субъектісіне тұтынушылардың құқын бұзғаны үшін әкімшілік жаза берілген. Ал әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген басқа 2 жағдайда таласушы жақтардың келісімге келуіне байланысты әкімшілік жаза тоқтатылған. Сауданы реттеу саласы бойынша 31 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік жаза берілген. Соның ішінде алтауы әлеуметтік маңызы зор тамақ өнімдерінің бағасын шектен тыс көтергені үшін жазаланып отыр. Жалпы, заңға сәйкес көтерме баға 15 пайыздан аспауы керек. Бір жылдың ішінде бағаны осы шектен екі рет асырған шағын кәсіпкерлік суъектісіне – 10, орта кәсіпкерлік суъектісіне – 75, ірі кәсіпкерлік субъекктісіне 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. «Алайда заң талаптарын жиі бұзатын бизнес субъектілерінің саны азаймай отыр. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде ғана 13 бизнес субъектісі осындай заңсыздыққа жол беріп, айыппұл арқалады. Электрондық шот-фактураларды тексеру барысында анықталғандай, ұн, күріш, қарақұмық, ірімшік, тауық еті, сары май сату барысында осындай құқық бұзушылықтарға жол берілген», деді Қанат Жеңісбекұлы.
Тұтынушылардың құқын қорғау қызметтері тұрақты, түрлі бақылаулар мен тексерулер жасап жатса да, саудагерлер мен делдалдар құқық бұзушылықты азайтар емес.
Солтүстік Қазақстан облысы