• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Денсаулық 05 Наурыз, 2024

Аутизм орталығы ашылды

173 рет
көрсетілді

Қостанайда аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды. 200 балаға шақталған бейімдеу мекемесі «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторының қаржылай қолдауымен іске қосылып отыр.

Жаңа орталықтың ашылу рәсі­міне облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Самұрық-Қазына» АҚ Кор­по­ративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.

Мұнда бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына да көмек көрсетіледі. Түрлі терапия кабинеті, сон­дай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағ­дар­лау, психолог және дефектолог каби­неттері жұмыс істейді.

«Көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс күні қарсаңында облыста осы орталықты ашу бастамасы қол­дау тапты. Қала орталығында жеке тұрған ғимарат таңдалды, оның ауданы 2 355 шаршы метрді құ­райды. Бұл – республикадағы ең үлкен орталықтардың бірі. Қайта құру­д­ы жүргізу үшін облыстық бюд­жеттен 700 млн теңгеге жуық қара­жат бөлінді, штат білікті мамандармен жасақталды. Бұл жерде 100-ден аса маман жұмыс істейді. Жалпы, өңірімізде аутизм диагнозы анықталған 400-ге жуық бала болса, соның 200-ден астамы Қостанай қаласында тұрып жатыр. Сол себепті ауылдық жерлерде де осындай орталық бөлімдерін ашуға сұраныс бар. Алдағы уақытта әр аудан орталығынан ашамыз деген жоспарымыз бар», деді әкім.

Ғибрат Ауғановтың айтуынша, аталған мекеме балалардың ортаға бейімделуіне, өздерінің ерекше қабілеттері мен таланттарын дамытуға, білікті көмек алуға мүмкіндік береді. Орталықта балаларға ғана емес ата-аналарға да балаларды дамыту мен тәрбие­леу­дің әртүрлі мәселесі бойынша қызметтер көрсетілетінін атап өткен жөн.

Қазірдің өзінде орталыққа 50 ба­ла­ тіркеліп, арнайы әлеуметтік қыз­­меттер ала бастады. Жаңа орта­лық­та оқыту бағдарламалары, әр­түр­лі терапия және оңалту әдісі бар.

Бұған дейін қордың қолдауымен Рудныйда нейро-ортопедиялық бұзы­лыстары бар балаларға арнал­ған­ оңалту орталығы ашылған. Оған 600 ерекше бала барады.

 

Қостанай облысы