• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2024

Ерекше балаларды қатарға қосады

172 рет
көрсетілді

Бүгінде Алматы облысында 42 мың мүгедек жан бар. Оның 6 мыңнан астамы – балалар. Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін 11 оңалту орталығы жұмыс істейді. Жақында олардың қатары тағы бір орталықпен толығып, өз жұмысын бастап кетті.

Талғар ауданы Қызыл Қайрат ауылында мүгедек балаларды емдеуге арналған «Ақ жол-М» оңалту орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Алма­ты облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Болат Жәмішев, «Нұр Мүбарак» университеті мен мешітінің бас имамы, «Ақ жол-М» қамқор­шылық кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлы, меценаттар мен демеу­шілер, облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­ма­сы­ның, әлеуметтік қорғау саласын да­мы­тудың ұлттық ғылыми орталы­ғы­ның, денсаулық сақтау басқар­ма­сының өкіл­де­рі мен ата-аналар қатысты.

«Жаңа орталықта 200-дей ерекше балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қордың басшылығы меценат­тар­дың қолдауымен бұрынғы ғимараттың жанына жертөлесі бар жаңа үш қабатты ғимарат салды. Ен­ді­гі жерде оңалту орталығы екі есе кеңейіп, яғни 400-ге жуық бала­­ны қабылдау мүмкіндігіне ие. Қазір­гі уа­қыт­та бұл орталық облыстық әкім­діктің мемлекеттік әлеуметтік тап­сырысы шеңберінде мүгедектігі бар 58 балаға арнаулы әлеуметтік қыз­мет­тер көрсетіп жатыр. Болашақта мем­лекеттік тапсырыс көлемін арттырып, көп баланы қамтуға мүмкіндік болады», деген Нұрлан Ерғалиұлы Мем­лекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры­ның азаматтарға көмек көрсетудегі жұ­мыс­та­ры­на алғысын білдірді.

Жаңа ғимаратты заманауи құрылғы­лар­мен жабдықтауды қор өз мойнына алған. Жалпы құны 950 млн теңгеге жуық қаржыға швейцариялық роботты оңалту кешені, кореялық жүруге үйрету кешені, ресейлік локомоторлы терапия жүйесі сынды 80-нен аса құрылғы алынып, тұзды шахта, сенсорлық бөлмелер және арнайы кабинеттер жабдықталған.

«Бұл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірімізде іске асқан алғаш­қы жоба емес. Осыған дейін Алматы облы­сының онкологиялық орталығына компьютерлік томограф, маммограф және сараптамалық деңгейдегі уль­тра­дыбыстық жүйесі бар жылжымалы меди­ци­налық кешендер табысталған болатын. Қазір олар ел игілігіне қызмет етіп жатыр», деді ол.

Атап айтсақ, қордың қолдауымен сирек аурулары бар 11 пациент 1,2 млрд теңгеден аса сомаға дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етілген. Ұрықтың даму ақау­ларын ерте анықтау бойынша шетелде екі дәрігер оқытылса, мүйіз қабығын трансплантациялауды қажет ететін көзі науқас 9 пациентке 9,1 млн теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілген.

Алдағы уақытта қормен бірлесіп ден­саулық сақтау саласына қатысты тағы 3 жобаны іске асыру қарастырылып отыр. Атап айтқанда, Кеген ауданында 2 балаларды оңалту орталығын, «Кәусар» облыстық оңалту орталығын ашу және облыстық балалар клиникалық ауруханасын нейрохирургиялық жаб­дық­тар­мен қамтамасыз ету жоспар­ланған.

Жаңа орталықта білікті дәрігерлер, нұсқаушылар, логопед, реабилитологтерден құралған 68 маманның көмегімен 200-ге жуық бала кешенді ем алады. Оған толық мүмкіндік бар. Оңалту шаралары күндізгі уақытта жүргізіледі. Ап­тасына бес күн жұмыс істейтін орта­лық­­тың бірегейлігі – әр балаға жеке мән беріліп, ата-анасының баласымен бірге болуына қолайлы жағдай жаса­лын­ған. Орталықтың ашылу барысында қайырымды азаматтар Neuro-MSX TMS (транскраниальды магниттік стимулятор), мұғалімдерге арналған жиһаздар, оттегі концентраттары мен заманауи компьютерлерді сыйға тартты.

Бұдан кейін «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілдері Талғар қаласындағы С.Сейфул­лин атындағы №2 орта мектепке барып, оқытудың жаңа инновациялық әдіс­те­рі­мен танысты.

 

Алматы облысы