Қоңыр күздің соңында Көкшенің ойы мен қырына иен даланың ерке аңы – елік толып кетті. Қыс түсе елді мекендерге кіре бастады. Көктем шыға елік атаулы кәдімгідей өткір мәселеге айналуы да мүмкін.
Аң жайын білетін адамдардың айтуына қарағанда, түп төркіні, сүрлеу ізі Сібірден бастау алатын тәрізді. Ит тұмсығы өтпейтін Сібір ормандарынан үдере көшкен деген жорамал айтылады. Бәлкім ол жақта да Арқадағы секілді қыс қабағын түйіп тұр ма екен, кім білсін?! Әйтеуір, бұрын-соңды кездесе қоймаған табиғаттың таңғажайып құбылысы. Әуелі әлеуметтік желілерде Жақсының жалпақ даласынан, Сандықтаудың сілемдерінен түсірілді деген бейнебаян қаптап кетті. Өзіміз де көрдік. Табын-табынымен жүр. Адамды оқ жетер жерге жақындатпаса да, үркіп, үдере қаша қоймайды. Қазір облыс орталығынан таяқтастам жердегі Өзен ауылының маңында үш мыңға жуық елік қыстап қалған. Бұл бір ғана мысал, өзге өңірлердегі елікті санаған ешкім жоқ.
Биыл жалпақ далада жан сақтау қиын. Қыстың басын жауын жауған. Сынықсүйем болып қатты. Көк мұздың үстіне кереқарыс қар түсті. Іле даланың дидары жіпсіп, оған сулы қар қосылып, қайта қатты. Болат тұяқты деп мақтағанымызбен жылқы екеш жылқы да жұрт жылғы сынаққа шыдамайды екен. Тай-жабағы былай тұрсын, сіңірлі құтпан айғыр, кебеже қарын бие де тебінге жарамай қалды. Алақандай жерге бар жылқы үймелеп, олардың аузынан қалған үш тал қау шөпке мыңдаған елік ортақтасқан соң ауыл-аймақтағы малсақ қауым дала көркі – елікке өкпесі қара қазандай болып отыр. Атарға оғы жоқ. Біреу киесінен, біреу айып пұлын салатын иесінен қаймығады.
– Бұл дала қандай бейнет көрмеді, белі қайысқанымен, үзілген жоқ, – дейді ел ағасы Есенбай Кәрібаев, – диқандарға обал болады-ау. Ертең жер бетіне өзімен бірге бар бейнетті ала шығатын егін көктеген кезде тәмам елік жосылып, егістіктің үстінен екі-үш рет өтсе, еңбегі еш, тұздары сор болмай ма?
Шынында да кейінгі жылдары ауа райының қолайсыздығынан жарытып өнім ала алмай отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының бесбатпан бейнетін енді елік еселейін деп тұр ма, қалай?
– Омбы, Түмен маңындағы әріптестеріміз Қазақстаннан қыруар елік ауып келді деп отыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов, – бұрын-соңды кездесе қоймаған табиғаттың жұмбақ бір құбылысы. Бәлкім жер аяғы кеңіген соң өздерінің байырғы өрісіне, үйренген жеріне ауып кетер деп үміттеніп отырмыз. Елікке еріп, қасқыр да келіпті деген қауесет желдей еседі. Таяуда әлеуметтік желіде Зеренді ауданының Викторовка ауылынан түсірілген бейнебаян көрсетілді. Іле біздің қызметкерлер із кескен. Жалған ақпарат болып шықты. Ал еліктің көбейгені рас.
Көк шыға көшер деген үміт қана. Көшпей қалса ше? Ауыл-аймақтағы малсақ қауым азын-аулақ малына жайылым таба алмай отыр. Ал сары далада сағымдай ескен еркін, азат аң айдағаныңа жүретін, айтқаныңа көнетін сынықмүйіз қара сиырың емес қой. Оған қалай ие болармыз?
Ақмола облысы